Қарағанды облысында киіктер мыңдаған гектар егінжайды таптап кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында киіктер мыңдаған гектар егінжайды таптап кеткен

12.09.2023

Қарағанды облысы Нұра ауданының диқандары шығынға батуда. Себебі егістік алқаптарын киіктер таптап кеткен. Олардың арасында 4-5 мың гектар егін рәсуә болғандары да бар. Мысалға Қайнар шаруа қожалығының иесі Сейтжаппар Нығметовтың 1,5 мың гектар бидай алқабын киіктер жайпап өткен. Қорықшылар киіктерді қызғыштай қорып, фермерлерге қуғызбайды. Бұл олардың ғасырлар бойы қалыптасқан популяциялық жолы деген уәж айтады екен. Осылайша диқандар шарасыз күйде қалып отыр. Ал түз тағыларынан келген шығынды өтеу заңда нақты көрсетілмеген.

Сейітжаппар Нығметов, шаруа қожалық төрағасы:

Биыл 1,5 мың гектар шығындалдық. Өйткені киіктер күні-түні таптап құртты. Күніне бәлен рет айдаймыз. Олардың миграциялық жолы деген бос сөз. Қай жақтан жел соғады соның бағытымен басы ауған жаққа жүре береді. Басына, көзіне шыбын қонбаса болды. Ал енді біз зар қағып отырмыз. Киіктің саны өте көп. Енді оны реттемесе болмайды.


Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу