Ақмола облысында мыңдаған гектар егіс алқабы күйіп кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында мыңдаған гектар егіс алқабы күйіп кетті

06.08.2021

Биыл Ақмола облысында бидай шығымы мардымсыз. Диқандар былтырға қарағанда 30-40 пайызға аз өнім алмақ. Мыңдаған гектар алқап күйіп кеткен. Аймақтағы ахуалды Ермек Елберген баяндайды.

Биыл Ақмола облысында 4 жарым миллион гектар жерге дәнді-дақыл себілгенімен, 40 мыңдай гектар алқапта қылтанақ та жоқ. Тағы 380 мың гектар жерге бидай бітік шықпаған. Бүгінде кей шаруашылықтар егінге орақ салды. Зеренді ауданындағы мына алқаптан бірнеше жыл бойы гектарынан 30 центнер өнім жиналса, биыл 5-7 центнерден әрі аспайды.

Денис Швайбович, «Диқан плюс» серіктестігінің директоры:
Мына алқапта бидай нашар шықты. Көктемде жақсы еді. Қазір, міне, кейбірінде тіпті дән де жоқ. Іші бос. Аласа болғандықтан техника да дұрыс ора алмайды. Шапқанымен, сабағы қысқа болғасын, ораққа ілінбейді.

Оның үстіне биыл Атбасар, Жақсы, Егіндікөл, Қорғалжын аудандарындағы 100 мың гектар алқапты киіктер таптап кетті. Кей жерлерде ғана тұқымның сапасы жоғары болып, бидай жақсы шыққан.

Александр Гудзюк, «Берекет 2050» серіктестігі директорының орынбасары:
Алқаптар әртүрлі. Кейбір жерлерде жаңбыр дәл керек уағында жауды. Тұқымға да байланысты. Мына алқапқа «Тобыл» тұқымын еккенбіз. Жерге тереңдеу салдық. Бұл да оң әсер етті. Ылғал жетіп, жақсы өсті.

Өңір диқандары бір аптадан кейін жаппай орақ науқанына кіріспек. Биыл бидайдың қамырлылығы жоғары, бірақ өнімділік жылдағыдан әлдеқайда төмен болмақ дейді мамандар.

Еркеш Әленов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
Тағы да жауынды күтудеміз. Қазір нағыз егіннің сапасына байланысты, қазір жауын жауатын болса, егіннің сапасы жақсы болады деген ойдамыз. Бірақ биылғы жылы орташа бағамен 7-8 центнердей егін аламыз деген ойдамыз. Үш миллион - үш жарым миллион тоннадай аламыз деген жоспар бар.

Ал бұған дейінгі жылдары аграрлы аймақтың алқаптарынан ел қамбасына кемінде 5 млн тоннадай астық құйылатын.

Ермек Елберген


Хабарламаларға жазылу