Ақмола облысында көмір бағасы күрт қымбаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында көмір бағасы күрт қымбаттады

11.09.2023

Ақмола облысында қыс түспей жатып, көмір бағасы шарықтап кетті. Қазір облыс орталығының өзінде қара отын 25 пайызға қымбаттап, бір тоннасы 17 мың теңгеден сатылып жатыр. Оның өзін кезекте бірнеше күн тұрып қана аласың,-дейді тұрғындар. 

Қысқа қамданып, ауласына аз-кем көмір түсіргендердің бірі-Қалқаман Қожахметов. Ол биыл қара отынның тоннасы бірден 3 мың теңгеге қымбаттағанын айтады. Сұраныс жоғары болғандықтан, көмірді үйге дейін жеткізіп беретін кәсіпкерлер де бағаны аспандатып жіберген көрінеді.

Қалқаман Қожахметов, қала тұрғыны:

Өткен жылы көмірді біз 14500-ге алғанбыз. Биыл 17500-ге алып жатырмыз көмірді. Бағасы жылда жылда қымбаттап бара жатыр. Жеткізуі 15 мың теңге. Қаланың ішінде.

Қатты отынның жылдан-жылға қымбаттауы әсіресе, солтүстік аймақтағы тұрғындарға ауыр тиіп жатқаны анық. Себебі, олар 6, тіпті, 8 ай бойы от жағады.

Бауыржан Шәрімов, қала тұрғыны:

Осының бағасын түсіруге болады ғой. Халыққа. Көмір өзімізден шығады. Шетелден әкелетін емес. Өзіміздің, міне, 500 шақырым жерден әкелетін көмір өзімізге бәлен мың теңге.

Ал жергілікті билік аймақта көмір тапшылығы жоқ,-деп отыр. Күні бүгінге дейін облысқа 190 мың тонна қара отын жеткізілген.

Ұмсындық Наурызбаева, тілші:

Ақмола облысында көмір сататын дәл осындай 60-қа жуық орын бар. Жалпы облыс тұрғындарына қыстан аман шығу үшін 1 млн тонна көмір қажет. Қазір оның 19 пайызы жеткізілген.

Сала мамандары бұл жағдайды теміржол тарифтерінің өсуімен байланыстырып отыр. Алайда, көмірдің бағасын реттеуге құзыреттері жоқ көрінеді.

Олжас Кәкенов, Ақмола облыстық Бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі департаментінің басшысы:

Бүгінгі таңда көмірге шекті бағалар орнатылмаған. Сондықтан қазіргі кезде көмірдің бағасын субьектілер өздері айқындайды. Департамент тарабынан анализ өткізіліп жатыр. Қазір көмір сатылымы тек қана осы кезден басталады. Сондықтан іс-әрекеттерін қарап жүрміз. Әлі тергеп-тексерулер ашылмады.

Өзекті проблеманы жергілікті билік тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету арқылы шешпек. Алайда, қазір облыстағы бір аудан ғана көгілдір отынға қосылған. Сондықтан көмір мәселесі түбегейлі қашан шешілері әзірге белгісіз.


Ұмсындық Наурызбаева

Хабарламаларға жазылу