Алматы, Маңғыстау, Қызылорда, Абай облыстары жылу беру маусымына толық дайын емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы, Маңғыстау, Қызылорда, Абай облыстары жылу беру маусымына толық дайын емес

10.09.2023

Бүгін күздің 1-ші 10 күндігі аяқталды. Солтүстік өңірлерде күн суытып, температура төмендеді. Астаналықтар да үйлері салқындағанын айтып, жылуды қашан қосатынын сұрай бастады. Бірақ, жылу жылда қазанның бірінен беріледі.

Ал оған дейін күн күрт суып кетпесе дейміз. Өйткені, қысқа дайындық мәз емес екені екі апта бұрын Үкіметте де айтылған.

Премьер-Министр Әлихан Смайлов жылу желілерін жөндеу бойынша 4 өңір жұмыстың жартысын да аяқтамаған деді. Олар – Алматы, Маңғыстау, Қызылорда, Абай облыстары.

Сондай-ақ, Теміртау, Риддер, Екібастұз, Жезқазған қалалары мен Маңғыстау облысында мәселе шешілмеген. Жалпы, өңірлерде 13 мың автономды қазандық дайындалуы қажет болса, әзірге 11 мыңы, яғни, 81 %-ы ғана әзір.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, қазір білім беру және денсаулық сақтау нысандары – 88%-ға, тұрғын үйлер – 75%-ға дайын.

Республика бойынша биыл 593 шақырым жылу желісін жөндеу жоспарланса, соның 382 шақырымы аяқталған. Ведомство мәліметінше, елде шамамен 14 мың шақырым жылу желісі болса, олардың орташа тозуы 54%.

Құбырлар ғана емес, жылу тарататын орталықтар да ескірген. 2022 жылы 37 орталықтың 19-ы апатты жағдайда екені айтылған. Уақыты келген станциялар былтыр бірінен соң бірі сыр берген еді. Алдымен, Риддер жылу электр орталығында апат болып, 22 мың отбасы аязда жылусыз қалса, артынша Екібастұзда 250-ден астам үй 10 күн тоңып отырды.

Одан кейін де жағдай түзелмей, халық қыс бойы жаурап шықты. Ал, сол жағдай биыл қайталанып, ел тағы дірдек қақпай ма? Екібастұз қысқа қаншалықты дайын? Жазда қанша шақырым жылу желісі жаңартылды? Жылу орталығының жағдайы қалай?

Бұл сұрақтарға жауап алу үшін тілшіміз Аманкелді Сейтхан Екібастұзға арнайы барып келді.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Күз келіп, күн де суытты. Ал, Екібастұздағы қазіргі көрініс осындай. Негізгі орталық көшелер қазылып, жолдар жабылған. Ескі құбырларды ауыстыру жұмыстары әлі жүріп жатыр.

Екібастұздықтар былтырғы қысты ұмытпаған. Қақаған аязда құбырлары жарылып тоңып шыққан халық биыл да сол жағдай қайталана ма деп қорқып отыр.

Қайролла Құрманұлы, қала тұрғыны:

Жұмыс істеген жоқ. Жаздай сенбі, жексенбі демалды. Ілу де біреуі ғана істеді. Басында мына жердегі бір бригада кетіп қалды ғой, 10 күн бос тұрды.

Айтжамал Жылқыбаева, қала тұрғыны:

Қыстан бері біздің үйде ыстық су жоқ. Көршілер бір бірімізден сұраймыз, қашан ыстық су болады, міне күн суытып кетті, үйіміз суыды. Ана Роддом жаққа поликлиникаға барам мен емге сонда Жердің бәрін жыртып жыртып тастаған, қашан бітеді?!

Қалада 420 шақырым жылу желісі бар. Соның 90 пайызы тозған. Тексеру кезінде 300-ден астам тесік табылған. Әзірге 420 шақырымның 64 шақырымы ауыстырылыпты. Әсіресе, соңғы апталар да жұмыс қызған.

Бірақ, ақсақалдар былтыр қыста берілген уәде орындалмай жатыр,-дейді.

Болатбай Әбенов, Екібастұз қаласының құрметті азаматы:

Әкіміміз жас. Осы апат басталған кезде шалдар кездескенбіз. Сонда айтқан күзге қарай мен 8 қазандықты дайындаймын деп. Бірақ, қазір 3 қазандық дайын, 2 тағы дайын болады деп жатыр дейді. Онымен қаланы қамти ма оны білмейм.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Бұл қалалық әкімдік орналасқан Мәшһүр Жүсіп көшесі. Былтыр осы көшенің бойындағы құбырлар өте көп жарылған. Сол себепті барлығы жаңартылып жатыр. Бірақ, бір шақырымдай аймақта жұмыс әлі жүріп жатыр. Себебі, Ресейден келетін кейбір қосалқы бөлшектер мерзімінен кеш жетіп жатыр.

Андрей Масников, мердігер компания қызметкері:

Бір ай нақты кешікті. Өйткені, келісімшарттар қайта жасалды. Қосалқы бөлшектерге Санкт-Петербургке тапсырыс бергенбіз. Ол жақтан әкелу оңай емес.

Мердігер ұйым жұмыс 20-қыркүйекте аяқталатынын айтты. Ал, бойында қалалық аурухана орналасқан Абай көшесіндегі 2 шақырым аймақта әлі жанталас.

Тұрдақын Тұрсынов, мердігер компания қызметкері:

Шамалы кешігіп жатырмыз. Бірақ, ары кетсе 3 күн кешігетін шығармыз. Алматыдан құрылғылар жеткізу қиын.

Көшедегі құбырлар ауыстырылғанмен үйлердің маңында мәселе бар. Төлеген Сағымбековтың үйінің қасындағы жылу орталығына қарасты құбыр жарылған. Бірақ, ауыстырып бермепті.

Төлеген Сағымбеков, қала тұрғыны:

Баланс сендердікі өздерің нетіңдер дейді. ТЭЦ біздікі емес қой, біздің жеке меншік. Ал, бұрын баланс біздікі болған жоқ мысалы.

Осы сұрақтарға жауап іздеп жылу электр орталығына бардық. Аймақтың ахуалын тексеруге облыс әкімі де келген екен. Өңір басшысы қазанның біріне дейін барлық мәселе шешіледі,-деді.

Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі:

Екібастұз қаласында 690 көпқабатты тұрғын үй бар. Бүгінгі күні оның 684–і 100 пайыз дайын. Қалған 6 үйді қыркүйек айының 20-на дейін толық дайындаймыз.

Облыс әкімі жылыту маусымын бастау үшін 2 қазандық та жеткілікті,-дейді. Ал, Екібастұзда 3 қазандық дайын. Жылу берілгенше, тағы 3-і қосылады. Ол 30-32 градус суықта қаланы толық қамтиды екен.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Қаланы жылумен қамтуы тиіс бұл орталық 1956 жылы салынған. Содан бері 70 жылдай жөнделмеген. Соның салдарынан былтыр қазандықтар бірінен соң бірі істен шығып, Екібастұздықтар қыс бойы тоңып шыққан еді.

Биыл қазандықтарды жөндеуге Үкіметтен 7,4 млрд теңге бөлінген. Жергілікті белсенділерді жеке орталыққа мемлекеттен қаражат неге бөлінгені де қызықтырады.

Жұмағали Қоғабай, Екібастұз қаласының құрметті азаматы:

Орталық Азия корпорациясының иелігіндегі станция. Оған бюджеттен қаржы бөлініп отыр. Бұл тоже дұрыс емес сияқты, неге олар төлемейді, неге жауап бермейді. Екібастұзда 150 мыңдай халық тұрады, 40 мыңнан аса тұтынушы бар. Егер орта есеппен әр пәтер 9 мыңнан төлеп отырғанда 400 млн айына.

Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі:

Жылу орталығындағы 10 қазандықтың бесеуі біздің меншікке берілген еді. Бұны біз көктемде қабылдадық. Ал, қалған 5 қазандық теплоэнергетика қаражатынан жүргізіліп жатыр.

Екібастұзда жылу беру маусымы 5 күндік орташа температура 8 градустан төмендегенде басталады. Оған дейін үлгереміз дейді,-жауаптылар. Бірақ, тозып тұрған 400 шақырым желіні жыл сайын 35-40 шақырымнан ғана жаңарту жоспарланып отыр. Демек, мәселе алдағы 5-6 жылда шешілмейтін сынды.

Аманкелді Сейтхан


Хабарламаларға жазылу