Атырауда 11 мектептің оқушылары үш ауысыммен оқуға мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда 11 мектептің оқушылары үш ауысыммен оқуға мәжбүр

08.09.2023

Атырауда 11 мектептің оқушылары үш ауысыммен оқуға мәжбүр. Оқу жылы басталған бетте қаладағы бір емес, бес білім ошағы күрделі жөндеуге жабылып, мәселе ушыққан. Екі ортада мұғалімдер мен оқушылар басқа мектептерге қатынап, қолайсыз жағдайда сабақтарын жалғастыруда. Үш ауысымға қатысты бір шешім бола ма?

Күнжиян Нұғыманованың немерелері оқыған мектеп қазір күрделі жөндеуде тұр. Сол үшін ол балаларын 3 ауысымда оқытатын білім ордасына апаруға мәжбүр.

Күнжиян Нұғыманова қала тұрғыны:

Мына үшінші ауысымның балаларына өте қиын болайын деп тұр. Сегізде шығады олар. Мына ертең жаңбыр бар, шашын бар деген сияқты. Мына он тоғызымыздың ұсқыны анау ғой енді. Терезесі бәрі ойылып жатыр. Мынау биыл бітетін мектеп сияқты емес.
750 орынға шақталған №3 мектеп гимназиясында қазір 2301 бала білім алып жүр. Күрделі жөндеуге жабылған №19 мектептің 700 оқушысы мен 28 мұғалімі осы ағарту ордасының ғимаратына жайғасқан. Тар жерде жұмыс барысы да қиындаған.

Ерік Оралбеков, №3 мектеп-гимназиясының директоры:

Бала көп дегесін уже қиыншылық қой. Негізі сапалы мектеп болуы үшін бәріміз бір ауысым оқуымыз керек қой. Енді 45 минут ішінде мұғалім 15 баламен дұрыс білім бере ме, әлде, 30 баламен?!
50 жылдық тарихы бар 19 мектеп-гимназиясының қазір астаң-кестеңі шығып жатыр. Атқарылған жұмыс көрінбейді. Ал, мердігер нысанды қараша айында тапсыруы тиіс еді.

Жандос Темірғали, тілші:

Біз қазір мектептің асханасындамыз. Адам күші аз.Соның салдарынан құрылыс баяу. Бәрі жайрап жатыр. Тіпті мұнда әлі сылақ жұмысы да басталмаған.
Ал апатты деп танылған Ломоносов мектебінің 1200-ге жуық оқушысы екі мектепке бөлініп, үш ауысыммен оқып жүр.

Нина Дурманова, М.Ломоносов атындағы орта мектептің мұғалімі:

Бізге де балаларға да өте қиын. Алыстан қатынап оқитын оқушыларымыз көп болғандықтан, қоңырау уақытын қысқартуға мәжбүрміз.Өзіміз жұмысқа таңғы 7 жарымда келіп, кешкі сегізде шығамыз. Қай жағынан алып қарасаңыз да салмақ салып тұр ғой. 
Жалпы 5 мектептің күрделі жөндеуі үшін бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлінген. Жоба жыл соңына дейін орындалуы тиіс. Сұрақ көп, нәтиже аз. Сондықтан, мердігерлердің жұмысын енді прокуратура тексереді.

Айнагүл Дүйсекенова, қалалық білім бөлімінің басшысы:

Құзырлы органдармен бірлесе отырып, осы біздің мектептердің уақытында берілуіне ықпал етулерін біздер өзіміз көтеріп отырмыз. Құрылыс обьектісіндегі атқарылуға тиісті жұмыс көлемі уақытында тапсырылмайтын болса, ол мердігер ертеңгі күні заң алдында өзінің тиісті жауапкершілігін тартады.
Биыл қалада 1 мектеп ашылады. Тағы 8 білім ордасының құрылысы жүріп жатыр. Олар келер жылға қарай қолданысқа беріле бастайды. Жоспар уақытылы іске асса үш ауысымда оқыту жүйесін 2025 жылға қарай шешеміз, - дейді жауаптылар.


Хабарламаларға жазылу