Түркиядағы жол апатынан қаза тапқан Арайлым Нұғыманованың жұбайы Нұрболат Құрмашев та көз жұмды. 37 жастағы отандасымыз оқиға орнынан ауыр хәлде ауруханаға жеткізілген еді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Газипаша-Анталья тас жолында жол талғамайтын көлік туристер мінген машинаны соғып, қарсы бетке шығарып жіберген. Апаттан жерлесіміз, атыраулық Арайлым Нұғыманова мен 2 жасар қызы мерт болды. Ажалдан аман қалған 9 жастағы ұлдарын бүгін туысқандары елге алып кеткен. Қазір Сыртқы істер министрлігі мүрделерді елге жеткізу жайын ұйымдастырып жатыр. Марқұмдардың артында 9 жасар ұл мен 11 жастағы ерекше қажеттілігі бар қыз қалды.
Айта кеткен жөн, Арайлым Атырауда алғашқылардың бірі болып инклюзивті білім беруді кәсіби түрде қолданысқа енгізіп, жүздеген сырқат баланың ортаға қосылуына ықпал еткен. Ал жолдасы Нұрболат қауіпсіздік саласында арнайы жасақта жұмыс істеген.
Мейрамгүл Есниязова, отбасылық досы:
Ол жалғыз Арайды емес, Арайдың да жұмысын жақсы көрді. Отбасылық қолдауды көрсеткен жан-жары бар ма деп сұрайтын болса, мен осы Нұрболат нағыз азаматтық танытты деп айта алатын едім. Бүгін Нұрболаттың қазасын естіген кезде жүрегіміз қарс айырылып жатыр.