Ақтауда Ахмет Байтұрсыновтың туған күніне орай «Тілге құрмет – елге құрмет» атты кездесу өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтауда Ахмет Байтұрсыновтың туған күніне орай «Тілге құрмет – елге құрмет» атты кездесу өтті

05.09.2023

«Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды». Бұл «адамдық диқаншысы болып қырға шыққан» ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың тіл тағдырын таразылап айтқан сөзі. Бүгін сол тіл білімінің атасына айналған тау тұлғаның туған күні. Тұтас ел бойынша тілдер күнінің тап тосы күні мерекеленуі бекер емес. Осыған орай Ақтауда «Тілге құрмет – елге құрмет» атты кездесу өтті.

Онда ұлт ұстазының өмірі мен еңбегі жайлы кеңінен баяндалды. Ол қазақ публицистикасы мен ғылыми тілін жасанды, қасаң сипаттан арылтып, халық тіліне жақындату үшін төл терминологияның негізін қалады. Ал мамандардың айтуынша, өңірде мемлекеттік тілді үйреніп жатқан азаматтардың қатары көбейіп келеді. Мәселен, «Қазақ тілі» клубында жыл сайын 100 ден аса адам қазақ тілін меңгеріп шығады. Сондай-ақ, соңғы 2 жылда «Мен қазақша сөйлеймін» республикалық сайысында бас жүлдені маңғыстаулықтар жеңіп алды.

Юля Проняева, Ақтау қаласының тұрғыны:

Сабақтар қазақ тілінде өтіп жатыр. Кездесулер, тренингтер, барлығы қазақ тіліне аударылып, қазақ тілінде беріліп жатыр. Сондықтан қазақ тілі қазіргі кезде өте қажет тіл деп ойлаймын. Және өз басым Қазақстан Республикасында туып-өсіп, тұратын болсам, мен қазақ тілін міндетті тұрде білуім керек деп ойлаймын. 


Хабарламаларға жазылу