Мектепкегі орамал мәселесі: Шешімі қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мектепкегі орамал мәселесі: Шешімі қандай?

03.09.2023

Жаңа оқу жылы қарсаңында мектептер жөнделіп бітпей, шу шығып жататыны да бар. Мұның себебін бұрынғы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің шикілігінен көріп отыр. Депутат фейсбукте былай депті: «Салынған ғимараттардың сапасыз болуы, зерттеулер үшін қажетті реактивтер мен құрылғыларды сатып ала алмау, күнделікті тауар сапасының төмендігі, бюджет қаражатының игерілмеуі – бұлар да негізінен осы сатып алу рәсімінің тиімсіздігіне байланысты.

Осы проблеманы реттеу үшін біз заңға тиісті түзетулер дайындап, Үкіметке қорытынды дайындау үшін маусым айында жіберіп едік. 

...жеме-жемге келгенде, Қаржы министрлігі келіспейтіндігін айтып, енді осы түзетулерді қолдамау туралы қорытынды дайындалуда».

Президенттің осы Жолдауда мемлекеттік сатып алу жүйесін жаңартып, тиімді құралдарды енгізуін тапсырғанын ескерсек, бәлкім, үкімет қортындысын қайта қарар?! 

«Apta» тілшісі Елдос Есенбол жаңа оқу жылы қарсаңында осы тақырыпты зерттеді. Кеш жарық, Елдос! Оқу-ағарту министрлігі тағы қандай мәселеге назар аударғаны жөн?

Елдос Есенбол, тілші:

Біраз мәселені жаңа ғана өзіңіз тізіп өттіңіз. Мен бір қызық деректі бөліскім келіп тұр. Ұстаздық етуге талпынғандар көбейіп жатыр. Биыл мемлекеттік грантқа өтінім берген әрбір төртінші талапкер «мұғалім боламын» депті. 

Бұған жауапты Жоғары білім министрлігі 7 жылда 111 мыңнан астам мұғалім даярлауды жоспарлап отыр екен. Себебі Қазақстанда 3000-нан астам педагог маман жетіспейді. Дегенмен, мектепке қатысты қоғамда «күйіп» тұрған басқа бір мәселе бар. Ол - орамал. Тамыз соңында бұл тақырып әлеуметтік желілерде қызу талқыланғанын байқадық. Жауапты министрліктің тоқетері мынадай: 

Елдос Есенбол, тілші:

Оқу-ағарту министрлігінің 2016 жылы жарияланған 26-шы бұйрығында «мектеп формасы оқытудың зайырлы сипатына сәйкес келеді» деп жазылған. Әрмен қарай киім үлгісін тәптіштеп түсіндіреді. Классикалық стильде, үш түстен асырмау керек т.с.с дегендей. Соның бір тармағы «Мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды» деп келеді. Жалпы, мектепке орамалмен келу тенденциясы қашан басталды? Дінтанушылар, әлеуметтанушылар не дейді? Мамандар пікірін сұрап көрдік.

Талғат Жақиянов, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты:

Орамалды хиджаб деп атасақ та, оны хиджаб емес орамал деп қайта жұмсартып атасақ та, қалай атасақ та ең бірінші кезекте бұл діни атрибут екені анық. Яғни ол қалай десек те діни мотивация ретінде киілетін киім болып есептелінеді.

Талғат Жақиянов 10 жылдан астам уақыт дін тақырыбын зерттеп жүрген маман. Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап жат ағымның жетегінде кеткендермен талай кездесу де өткізген. «Балам мектепке орамалмен барса» деген ата-аналар тілегі 2013 жылдан бастау, алды дейді ол. Енді міне араға 10 жыл салып тақырып тағы да қоғам талқысында. Ең әуелі «Орамалға рұқсат беру - домино қағидасымен өзге діни топтардың мүддесін оятады»,-дейді маман.

Талғат Жақиянов, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты:

Бұдан бірнеше жылдар бұрын еліміздің солтүстік өңірінде қыздар балаларға мектептің оқушыларына православ үлгісімен жаппай орамал таққызып қойған жағдай орын алған бізде. Діни ағымдардың артында халықаралық қауымдастық шет елдік субъектілер тұрғанын елестететін болсақ, ол ертеңгі күні жай ғана өтініші емес ол талап, сыртқы қауымдастықтың қысымы ретінде де бізге келуі мүмкін мұндай да қатерлер бар.

Әрі мұндай шиеленісті әлдекімдер өз пайдасына жаратуға тырысады. Сондықтан тақырыпты саясиландырмаған абзал, дейді дінтанушылар.

Балғабек Мырзаев, дінтанушы:

Қазіргі уақытта қоғамда мемлекет осы дінге, ислам дініне, орамалға қарсы қылып көрсететін белгілі бір топтар ағымдар шығып жатыр. Қоғамдық орындарға, сауда орындарына барсаңыз әркім өзінің қалаған үлгісі бойынша ол діни болсын, діни емес болсын киім үлгісін киіп жатыр. Оған ешкімнің шатағы да жоқ, ешкім араласпайды да.

Ал мектепке орамал тағуға ниетті оқушылардың санын Оқу-ағарту министрлігі де тап басып айтпады. Жауаптылар ондай статистика жүргізбейміз, дейді. Белгілісі бала себепсіз мектепке бармаған жағдайда ата-анаға салынатын айыппұл 3 айлық есептік көрсеткіштен басталады.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

Біздің мемлекетіміз Конституция бойынша «Зайырлы Мемлекет» деп есептелінеді. Мектеп те зайырлы. Сондықтан да оның үстіне 16 жылы бекітілген бұйрық бар. Оқушылардың формасы мен киміне қатысты. Ол өзгерген жоқ. Сондықтан балалар талап бойынша мектепке оқушы формасымен келуі керек.

Сол 26-шы бұйрықта: «Мектеп формасының үлгісін ата-аналар таңдай алады» деген тармақ та бар. Бірақ, бұл абсолюттік еркіндік емес. Ата-аналар кеңесі қыз балалар юбкасының ұзындығы мен фасонын ғана белгілей алады. Соңғы сөз орта білім ордасы басшылығында.

Балғабек Мырзаев, дінтанушы:

Білесіздер осы бірыңғай киім үлгісі бұл осы мектептерде әртүрлі осал топтар бар, болмаса бай мен кедей бар осылардың арасындағы айырмашылықты жою үшін. Қымбат бижутерияға, қысқа етек киюге болмаса ашық киімдер сияқты көйлек үлгісін киюге де тыйым салынған. Яғни бұл жерде біз қандай да бір дінге қатысты қысым бар деп қабылдамауымыз керек, бұл осы қоғамдағы тепе-теңдікті сақтау үшін.

Сондықтан азаматтардың зайырлы таңдауына ешкім кедергі болмайды. Мектеп қабырғасынан тыс жерде ата-ана баласына қандай киім кигізем десе құқылы.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

«Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі ковенция» бар. Конвенцияда да жалпы 14 баптың 3 тармағында Егер мемлекеттік қауіпсіздікке байланысты немесе рухани құндылықтарға байланысты осы балалардың діни наным-сенімдеріндегі шектеу мәселелері де нақты қарастырылған. Бұл халықаралық нормада.

Сол зайырлық принципін әркім әртүрлі түсінеді. Өзіне икемдеуге тырысады. Бірақ, заң ондай философияны көтермейді.

Талғат Жақиянов, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты:

Өкінішке орай біздің қоғамның өкілдері ол еркіндікті абсолютті еркіндік деп ұғады. Бұл еркіндік діни сенім еркіндігі заңның аясындағы еркіндік. Яғни белгілі бір қауіптілік деңгей болатын болса, бұл еркіндік шектеледі. Сондықтан бұл жерде абсолютті еркіндік туралы әңгіме жоқ. Бұл жерде заңның үстемдігі тұр. Діни нормалар, құқықтық нормалардың аясында жүзеге асуы керек.

Әрі мектеп жасындағы баланың орамалға қатысты ойы өз таңдауы ма, әлде ата-ананың қалауы ма? Осының да аражігін ажыратқан жөн, дейді дін мамандары.

Балғабек Мырзаев, дінтанушы:

Көп мектептерге барған кезде көргенім орамал таққан қыздардың басым көпшілігі әлі шариғат жасына, балиғат жасына толмаған қыздарымыз. Яғни 7-11 жас арасындағы қыздарымыз. Мүфтияттың пәтуасы бар. Балиғат жасына дейін орамал, яғни діни үкімдер парыз емес деген.

Әлем елдері бұл тақырыпты бір жақты ете алды ма? Мысалы «Франция мектептерінде мұсылман киімін киюге тыйым салынды» шетелдік БАҚ осылай дейді. «Оқушылардың сырт келбеті дінін айқындамауы керек» депті Францияның білім министрі Габриэль Атталь. Бұндай шектеу француз мектептерінде 2004-2010 жылдар арасында да болған.

Этиен Горэ, тәуелсіз сарапшы:

Діни киімдерді мектепке киюге тиым салу дұрыс деп есептеймін. Францияда мемлекеттік мектептерде орамалдан бөлек, ұзын жабық діни көйлек /абайя/киюге де тиым салынды. Қазір қоғамның пікірі екіге бөлінді. Оңшылдар заңды онан әрі қатайту қажет десе, солшылдар керісінше бұл – адамның құқығын шектеу дейді. Дегенмен, менің ойымша, зайырлы мемлекетте мектеп те зайырлы, діннен алшақ болуы тиіс. Мұсылмандар өз киімін, еврейлер өз киімін, яғни, әркім өз білгенін істейтін болса, білім ордасында тәртіп болмайды ғой. Бұл ешқандай да адам құқын шектеу емес.

Ал Қазақстандағы дін мамандары алдымен жалпыға ортақ киім үлгісін анықтап алу керек, дейді. Содан кейін кесімді пікір айтуға болады.

Талғат Жақиянов, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты:

Дәстүрлі мұсылман қауымдастығының да сұраныстары ескерілетіні анық. Бірақ ол үшін бізге алдымен дәстүрлі мұсылмандықтың тұжырымдамасын анықтап алу керек. Дәстүрлі мұсылмандық деген не, оның қағидалары қандай, дәстүрлі мұсылман ер адам, әйел адамның бейнесі қандай, оның құндылықтары ұстанымы қандай деген сұрақтарға біз жауап беріп алуымыз керек. Дәстүрлі мұсылман әйелдің киім үлгісін де анықтап алуымыз керек.

Қалай болған күннің өзінде әр ата-ана мектеп бітіремін дегенше баласын классикалық үлгідегі мектеп формасын қамтамасыз етеді. Сондықтан орамал тақырыбының әлсін-әлсін көтеріліп басылуын қалыпты дейді мамандар. Ал білім саласында шешімін таппаған үш ауысымды, апатты мектеп, орын тапшылығы, кадр жетіспеушілігі секілді түйткілді мәселелер жеткілікті...Бірақ биыл ақпарат кеңістігінде бұл проблемалар орамал тақырыбының тасасында қалып қойғандай...

Елдос Есенбол


Хабарламаларға жазылу