Батыс Қазақстандық шаруалар майлы дақылдар экспортына салынатын баж салығын алып тастауды талап етіп отыр. Салаға квота беру мәселесі де шешілмей келеді. Ақпанда Сауда және интеграция министрлігі бір тонна күнбағысқа 100 евро экспорттық баж салу туралы шешім шығарды. Алайда бұл өнімнің бағасына әсер етіп, шаруалар шығынға баттық дейді.
Нұртай Жұмашев, шаруа:
Ертең бұл шағуды қайда жібереміз? Қожалықтар несиелерін қалай жабады? Айқай содан шығып жатыр. Баға түсіп жатыр. Ресейден кіріп жатыр күнбағыс. Оларға ешқандай шектеу қоя алмаймыз. Сол себепті осы облыс шаруаларының жанайқайы - бажды алып тастау керек немесе салықты алып тастау керек.
Күнбағыс майын шығаратын кәсіпорындар да шығынға ұшырағалы тұр. Мәселені квота бөлу арқылы шешуге болады. Алайда ұсыныс қолдау таппай келеді.
Денис Омашев, Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
Министрлік нақтылап, 100 мың тонна квота бөлу жөнінде ұсыныс берген. Бүгінгі таңда бұл мәселе комиссияның қарауына ұсынылды. Бірақ қаралған жоқ. Әлі толыққанды шешім жоқ.
Ардақ Мұратқызы