Мемлекет басшысы Вьетнам Премьер-министрімен де кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Вьетнам Премьер-министрімен де кездесті

21.08.2023

Сондай-ақ мемлекет басшысы Вьетнам премьер-министрі Фам Минь Чиньмен кездесті. Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін президент Во Ванг Тхыонгпен нәтижелі келіссөз жүргізгенін және оның барысында екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары талқыланғанын атап өтті. Әрі қол қойылған құжаттар сауда, инвестиция, технология, ауыл шаруашылығы, транзит және туризм сияқты маңызды салалар бойынша екі елдің өзара байланыстарын жандандыруға ықпал ететініне сенім білдірді.

Бұдан соң Президент Вьетнам Ұлттық жиналысының төрағасы Выонг Динь Хюэмен жолықты. Тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту жайын сөз етті. Президент екіжақты күн тәртібі аясында Вьетнаммен парламентаралық байланыстарды дамытуға баса мән беретініне назар аударып, заң шығару органдары арасындағы өзара қарым-қатынасты жандандыруды ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қадірлі төраға, сізбен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Вьетнам – Қазақстанның Оңтүстік Шығыс Азиядағы негізгі серіктесі. Біздің бір-бірімізден үйренетін нәрсеміз көп. Сіздің елге келуге негізгі мақсаттарымның бірі Вьетнамда болып жатқан өзгерістерді өз көзіммен көру.

Мемлекет басшысы Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы Нгуен Фу Чонгпен де кездесті. Әңгімелесу барысында қазақ-вьетнам күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қарастырылды.Президент екі елдің көпжақты байланыстарын нығайту үшін бірлескен жұмыстарды белсенді жүргізуге дайын екеніне тоқталды. Сонымен қатар Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және экономикалық өзгерістер туралы айтты.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу