Шымкентте биыл 13 мың жас жұмыспен қамтылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте биыл 13 мың жас жұмыспен қамтылады

18.08.2023

Шымкентте жыл соңына дейін 18 бен 35 жас аралығындағы 16 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылады. Биыл жастардың 13 мыңы еңбекпен қамтылған. Жастарды алаңдатқан жұмыссыздық және өзге де проблемалар Азаматтық форумда талқыланды.

Шымкентте тұрғындардың 32 пайызын жастар құрайды. Олар үкіметтік емес ұйымдар мен бірлестіктердің қатарында белсенді қызмет етіп жүр. Ал мемлекет осындай ұйымдардың дамуына, олардың қалыптасуына қолдау көрсетіліп келеді.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі:

Бүгінде қалада 550-ден астам үкіметтік емес ұйымдар тіркеліп, жұмыс жүргізуде. Қала әкімдігі тарапынан үкіметтік емес ұйымдардың дамуына, олардың қалыптасуына тұрақты түрде қолдау көрсетуді қолға алып отырмыз.

Форумға азаматтық сектор мен халықаралық ұйымдардың 200-ден астам өкілі қатысты. Жастарды алаңдатқан кез келген мәселені заңдық тұрғыда шешуге қазір барлық мүмкіндік бар.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

Еліміздегі азаматтық қоғамның қалыптасуы мен нығаюына заңнамалық негіз қаланып, мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Президент тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың ашықтығын қамтамасыз етіп, азаматтардың қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы Мәжілістен өтіп, Сенат талқылауына ұсынылды.

Бану Нұрғазиева, «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» ЗТБ Президенті:

Ең бірінші мәселе бұл жұмыссыздық. Бұл ең басты мәселе. Мұны қалай шешуге болады? Онымен не істеуіміз керек? Өздерінің ұсыныстары бар. Екіншіден, әлеуметтік жағдай. Бұл жерде жастардың пікірін білгіміз келеді.

Жиында айтылған ұтымды ұсыныстар Астанада күзде өтетін форумда талқыланады. Соның негізінде Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасына өзгертулер енгізіледі.

Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу