Түркістан облысы Шардара су қоймасындағы судың деңгейі төмендеп барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысы Шардара су қоймасындағы судың деңгейі төмендеп барады

08.08.2023

Түркістан облысы, Шардара су қоймасындағы судың деңгейі күннен күнге төмендеп барады. Салдарынан отыз мыңнан аса халық ауыз сусыз қаламыз ба деп алаңдап отыр. Себебі шағын шаһардағы тұрғындарға тіршілік нәрі су қоймасынан тазартылып, беріледі. Екі жыл бұрын Өзбекстан мен Қырғызстаннан келетін судың деңгейі он есе азайып, құбырларға су жетпей қалған еді. Ол кезде көпқабатты үйлерге су тасымалданып, жекелеген үйлердің тұрғындары тіршілік нәрін сатып алуға мәжбүр болған. Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.

Шардара қаласының тұрғыны Тоқсанбай Бердібеков қазір су қоймасындағы судың азайып бара жатқанын айтып, дабыл қағып жүр. Себебі ол екі жыл бұрын сусыз қалған қаланың жағдайын жақсы біледі. «Сондықтан өзекті мәселені осы бастан алдын алу керек. Тіршілік нәрінің тапшылығына таяу уақыт қалды» дейді ол.

Тоқсанбай Бердібеков, Шардара қаласының тұрғыны:

Қазір өлі төшкіге жақындап қалды, 1 млрд өлі төшкіге. 1 млрд-та 80 болып қалды. Ертең бірер аптада өлі төшкіге жететін болса, Шардара халқы су ала алмай қалады. Аралдар пайда болып жатыр әр жерден. Ертең төмендейтін болса тағы бұдан да төмен аралдар пайда болады. Су барынша азайып кетеді, лайха болып кетеді.

Алып қоймадағы судың таяздығы қалаға су таратушы мекеменің мамандарын да алаңдатып отыр. Судың көлемі құбырлардан да төмен түсіп кеткен жағдайда шұғыл шараларға көшпек. Себебі судың көлемі азайып кеткен жағдайда қоймаларға су жиналмай қалады. Сондықтан тіршілік нәрін таситын көліктерді дайындап, ертерек қамданып қойыпты.

Құрманғазы Акбаров, «Шардара Сервис» МКК директоры:

Егер 400-500-ге түскен кезде ішуге жарамсыз болады. Ол кезде иістену, сапасы өте төмендейді ол кезде. Тура осылай жалғаса берген жағдайда бізде оған отыз су таситын көліктер бар. Ол енді әрқайсысы бес кубтан болғанның өзінде 150 куб суды тасымалдап беруге мүмкіндігіміз бар енді.

Ал суға жауапты «Қазсушар» мекемесінің басшылығы - Шардара су қоймасының сиымдылығы 5 млрд 200 млн текше метр болса, қазіргі судың көлемі бес есе аз жиналып тұрғанын жеткізді. Яғни қоймада жалпы 21 % пайыз су көлемі бар көрінеді. Бірақ алаңдауға негіз жоқ деп жұртты сабырға шақырды. Көрші елдермен келіссөздер жүргізіп, шектік деңгейге жеткізбеудің амалдарын жасап жатырмыз дейді.

Асқар Қыстаубаев, «Қазсушар» МКК ТФ директорының міндетін атқарушы:

Алдыңғы жылы келген судың мөлшері 22 метр куб секундына болатын болса, биыл Сырдария өзеніне келетін судың мөлшері 140 куб. Бас-аяғы 160 куб текше метр су келіп жатқан жағдайы бар. Одан бөлек мына жанама өзендер бар. Одан 20 кубтың төңірегінде келіп жатыр.

Суға жауаптылар сондай-ақ, Тәжікстан мен Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттеріне мамандар барып, ортақ келісім жасалғанын жеткізді. Соның нәтижесінде алдағы қыркүйек айында судың мөлшері көбейеді деген болжам жасауда. Өзекті мәселе Су ресурстары комитеті мен Экология министрінің қатаң қадағалауына да алынғанын айтады. Сондықтан Шардараның халқы ауыз судан тарықпайды деп сендіріп отыр.

Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу