Оңтүстікқазақстандықтарды қоймалардағы судың көптігі алаңдатып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстікқазақстандықтарды қоймалардағы судың көптігі алаңдатып отыр

09.11.2017

Оңтүстік Қазақстан облысында тасқын судың қаупі күшейіп келеді.  Өйткені, көрші мемлекеттердегі қоймалар қазірдің өзінде суға лық толы. Қырғызстандағы «Тоқтағұлдың» арнасы 99 пайыз, ал Тәжікстандағы «Қайрақұмның» деңгейі 86 пайыз суға толған. Енді күзгі жауын-шашыннан Сырдария суы бұдан да молаятын болса, Шардара  арнасынан асуы әбден мүмкін. Кауіптің алдын алуға байланысты өңір басшысы Үкіметке бірнеше ұсыныс жасады. Оның бірі Шардара қоймасын қаңтар айына дейін тек транзиттік арна ретінде пайдалану.

Сондай-ақ, қауіп төнген жағдайда көршілес Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан арқылы келіп жатқан судың деңгейін азайту. Әрі Шардара қоймасынан Қызылқұм ойпатына секундына 2 мың 100 текше метр  су жіберуге қауқарлы  құрылым салу қажет. Биыл облыста төтенше жағдайлардың алдын алуға 1,3 млрд. теңге қаралған. Ол қаржыға өңірдегі қорғаныс бөгеттері нығайтылды. Жаңадан ұзындығы  23 шақырым бөгет салынды. Қазірдің өзінде өңірде 1 167 адамнан арнайы құрам жасақталып, 304 техника жұмысқа әзір тұр.  

Толқын Балпықов,  «Қазсушар» РМК ОҚФ директорының міндетін атқарушы:

- Шардара су қоймасына 1 мың 500 текше метр су келіп жатыр. Ал шығымы қоймадан 1 мың 250. Сонда 250 куб метр су жинақталып жатыр. Ол деген сөз Шардара су қоймасының деңгейі күніне  3 сантиметрге көтеріліп жатыр.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу