«Ақкенттегі» өрт: Марқұмның жақындарына екі бөлмелі пәтер берілмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ақкенттегі» өрт: Марқұмның жақындарына екі бөлмелі пәтер берілмек

02.08.2023

Алматыдағы 16 қабатты үйде болған өрттен зардап шеккен үш адам жансақтау бөлімінде жатыр. Олардың біреуі бала. Ауруханаға түскендердің дені ыстан уланған дейді дәрігерлер. Қазір тұрғын үй кешенінің маңында жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Барлық шығын есептеледі дейді әкімдік өкілдері.

Қуан Нұрақын, тілші:

Өрттен кейін ауруханаға 43 адам жеткізілген. Олардың 17-і ем қабылдап жатыр. Қалғаны медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаториялық емделуге жіберілген.

Жансақтау бөлімінде жатқан балаға ауыр дәрежелі улану диагнозы қойылған. Қазір жағдайы тұрақты дейді дәрігерлер. Ал 35 және 19 жастағы науқастарға ыс тиіп, түрлі дене жарақаттарын алған.

Ләйла Иманғалиева, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

35 жастағы әйел адам кататравма және улану себептерінен травматикалық шоктың екінші дәрежесімен және 19 жастағы ауыр ми жарақатымен әйел адам жансақтау бөлімінде ем алып жатыр.

Жағдайы тым ауыр бір адам №7 қалалық клиникалық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген. Өкінішке қарай 30 жастағы әйел алған дене жарақатынан көз жұмды. Куәгерлердің сөзінше, келіншек құтқарушылар жеткенше жан ұшырып бесінші қабаттан секіріп кеткен.

Ерлан Әлібеков, қалалық тжд басшысының міндетін атқарушы:

Сол сәтте біздің құтқарушылар бесінші қабатқа көтерілген болатын. Есікті бұзып кіріп, анасын тыныс алу аппаратына қосып, құтқарып қалдық. Ол кезде қызының секіріп кеткені белгілі болды. 20 секундтай шыдағанда аман алып қалуға мүмкіндік бар еді.

Марқұм ертең жерленеді. Алатау ауданы әкімдігінің мәліметінше, өрт кезінде қара жамылған отбасына барлық көмек көрсетіледі. Ал, «Ақкент» тұрғын үй кешенін салушы компания атынан марқұмның жақындарына екі бөлмелі пәтер берілмек.

қала тұрғыны:

Пәтерін қалпына тезірек келтіріп берсе деген үміттемін енді жоғарыдағылар.

Өрт болған тұрғын үй аумағында қазір жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Зардап шеккен тұрғындарға ыстық тамақ пен жатын орын қарастырылған.

Қуан Нұрақын, тілші:

Сондай-ақ әкімдік өкілдері тұрғын үй кешеніне жауапты компаниямен келіссөз жүргізіп, бүлінген баспананы толықтай қалпына келтіруге уәде етті.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу