Астанада LRT метросы жобасының аялдамалары белгілі болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада LRT метросы жобасының аялдамалары белгілі болды

27.07.2023

2 жылдан кейін Астанада жерүсті пойыздары қатынай бастайды. Атышулы ЛРТ жобасы қайта қолға алынбақ. Жауапты компания жақын жылдары іске қосамыз деп отыр. Биыл бюджеттен қомақты қаражат бөлініп, құрылыс басталды. Әуежай мен темір жол вокзалын жалғайтын көлік жолының аялдамалары да белгілі. Әріптесім Асима Нұрбайқызы сол бағытпен танысып қайтты.

Асима Нұрбайқызы, тілші:

Атышулы бұл бағандардың үстінен көп ұзамай жолаушылар қатынай бастайды. «Сақалды құрылыс» 6 жылдан кейін қайта қолға алынды. Республикалық бюджеттен оған биылдың өзіне 52 млрд 400 млн теңге ақша бөлінді. Ал жалпы жобаның құны қомақты - 1млрд 800 млн доллар.

Сонымен жеңіл жерүсті метросының жалпы ұзындығы 22 шақырым. Алғашқы аялдама – осы әуежай. Одан кейін Пригородный кентіне тоқтап, Мәңгілік ел және Қабанбай батыр даңғылымен жүреді. Кейін Назарбаев университеті арқылы Ұлы дала көшесіне бет алады. Компания басшысы темір бетондардың орнын 2 жылдан кейін мынандай үлкен көлік инфрақұрылымы алмастырады деп уәде берді.

ЛРТ пойыздары «Алау» мұз сарайы арқылы Сығанаққа келеді. Одан кейінгі бағыт - Абу Даби Плаза, Министрліктер үйіне тоқтап, кейін оң жағалауға бұрылады. Жалпы 18 станция болады. Жолаушыларды 19 пойыз тасымалдайды.
Поездар Тәуелсіздік көшесімен жүріп, Нұрмағанбетов, Жүргенов көшелеріне тоқтайды. Қазір осы жерлерде жұмыс қызған. Көпір тіреулерін салып жатыр.

Соңғы станция – «Нұрлы жол» теміржол вокзалы. Айта кетейін, пойыздарды қытайлық зауыт құрастырады. Жүйе толық автоматтандырылады. Машиниссіз жүреді. Жұмыс тағы тоқтап қалмайтын болса, уақытында жүзеге асса, 2 жылдан кейін астаналықтар жерүсті пойыздары арқылы қатынайды. Осылайша әуежайдан вокзалға дейін жарты сағатта жетеді.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу