«Ұлы дала жорығы» жобасы 12 мамырда басталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ұлы дала жорығы» жобасы 12 мамырда басталады

12.03.2024

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында өтетін «Ұлы дала жорығы» жобасының басталар күні белгілі болды.

«JORYQ» республикалық ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбеков Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовпен кездесті. Кездесу барысында Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының қолдауымен өтетін марафон-бәйгенің ұйымдастыру мәселелері талқыланды.

Жоба 12 мамырда басталып, 17 мамырда Астанада аяқталады. Бурабай курорттық аймағының, Ботай мен Бозоқ көне мекендерінің көрікті жерлерін басып өтетін марафон-бәйгенің жалпы қашықтығы 500 шақырымды құрайды. Үздік үштікке енген жеңімпаз командалар қыркүйек айына жоспарланған «Ұлы Дала Жорығы» халықаралық турына лицензияға ие болмақ. Қазір аймақтық іріктеу турлары жүріп жатыр, олардың жеңімпаздары ұлттық іріктеу турына жолдама алады.


Хабарламаларға жазылу