ЛРТ құрылысына бөлінген ақшаны қалай жымқырғаны белгілі болды

10.10.2019

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Астана LRT» ісі бойынша тергеудің жай-жапсары анықталғанын хабарлады. Атап айтсақ, логистикалық компания жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеуде жоғарылатылған бағамен келісім жасаған. Мемлекеттік сараптамаға берілген 2 миллиард 600 миллион теңгенің орнына 4 миллиард 200 миллион теңге көрсеткен. Ол қаражаттың 3 миллиарды мердігерлерге берілген. Қалған 412 миллион теңге қолма-қол ақшаға ауыстырылып, жалған кәсіпорындар арқылы жымқырылыпты. Бүгінде осы іске қатысты барлық құжат тәркіленіп, экономикалық және құрылыс сараптамалары жасалып жатыр.

Сергей Перов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі екінші департаментінің жетекшісі:

Қаржы мамандары экономикалық есеп жүргізіп жатыр, ал құрылыс сарапшылары салынып қойған нысандардың бақылауын аяқтады. Ұлттық банк пен Есеп комитетінің араласуымен Қытайдың даму банкінен «Астана Банкіне» салынған қаражаттың негізділігі мен заңдылығы да тексеріліп жатыр. Сонымен бірге, жымқырудың жаңа схемасы белгілі болды.

 «Astana LRT» ісі бойынша күдікті ретіндегі лауазымды адамдар да анықталды. Олардың арасында қалалық әкімдіктің басшылық құрамындағы қызметкерлері бар. Жалпы, жемқорлыққа қатысты іс бойынша 10-нан астам адам тергеліп жатыр. Еске сала кетейік, биыл сәуірде жеңіл рельсті жол үсті көлік жүйесінің құрылысы тоқтатылғаны белгілі болды. Бұл істі Президент Қасым Жомарт Тоқаев қатаң бақылау қажет екенін айтып, тергеуді жеделдетуге тапсырма берді.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу