Алматыда ұрлық пен пәтер тонау тыйылмай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда ұрлық пен пәтер тонау тыйылмай тұр

21.07.2023

Алматыда ұрлық пен пәтер тонау тыйылмай тұр. Десе де, жыл басынан бері жалпы қылмыс саны 34 пайызға азайған. Полицияның ресми мәліметі осылай. Шаһардағы қауіпсіздікке ерекше мән беріп, бақылауды күшейту керектігіне Президент арнайы тоқталған еді. Ол үшін бейнебақылау камераларын көптеп орнату тапсырылды.

Ірі мегаполис болғандықтан әрі жан-жақтан адамның көптеп келуіне байланысты қылмыстың басым бөлігі Алматыда жасалады. Дегенмен, ПД мәліметінше, жыл басынан бері мұндай деректер біршама азайған.

Мәселен, аса ауыр қылмыс 2,5 есеге, ауыр қылмыс 40,1%, кісі өлтіру мен бұзақылық 7,5 есеге, интернет-алаяқтық 13,6%-ға, ішімдік ішіп, мас күйінде жасалған қылмыс 21%-ға азайған. КСМ: Дегенмен, оңай жолмен олжалы болғысы келетіндер де аз емес.

Cалтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:

Қазіргі таңда көкейкесті мәселелердің бірі – ұрлық деректері. Қоғамдық орындарда және қоғамдық көліктің ішінде, пәтер ұрлықтары, осындай деректер жиі кездесіп жатады. Басқа елдерден келген автокөліктердің қатысуымен өте көп жол апаттары болады.Олар бейнебақылауға түспейміз деп жол ережесін бұза берген, бірақ оларды анықтап,жауапкершілікке тартып, көліктерін айып тұрағына қоямыз.

Қалада бейнебақылау жүйесін дамыту мәселесіне Президент те назар аударған. Мемлекет басшысы 2026 жылға дейін құрылғыларды көптеп орнатуды тапсырды. Қазір шаһарда 128 мың бейнебақылау камерасы бар. Олар қалалық Полиция департаментінің жедел басқару орталығына интеграцияланған.

Әділет Қуандықов, қалалық ПД Жедел басқару орталығының бейнебақылау инспекторы:

Бейнебақылау камераларының ықпалы жоғары. Өйткені, даулы жағдайларда шешімін шығару үшін камераларды қолданып, осы арқылы шешімін шығарамыз. Сотқа барғанда материалдарды толықтыру мақсатында. Қандай да бір заңбұзушылық кездескен болса, орнына экипаж жібереміз, бәрі бізде бақылауда.

Бүгінде Алматыны қауіпсіз, тұрғындар үшін өмір сүруге қолайлы қалаға айналдыру міндеті тұр. Соның аясында ең көп құқық бұзушылық болатын аудандарда, жұрт көп жиналатын жерлерде дабыл батырмасын орнату көзделген.

Қалада күн сайын 2 мыңнан астам полиция қызметкері қоғамдық тәртіпті қадағалап, тұрғындар тыныштығын күзетеді. Шаһар бойынша 1 мың 844 патрульдік бағыт әзірленді, оның 468-і автомобиль, 1 мың 294-і жаяу, сондай-ақ 44 стационарлық полиция бекеті бар. Десе де, қауіпсіздікті қамтитын заманауи технологияны тиімді қолданудың маңызы зор. Президент тапсырмасына сәйкес бұл жүйе 2026 жылға қарай Алматыда толық жұмыс істеуі керек.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу