Жетісу облысындағы цемент зауытының жүргізушілері екінші күн қатарынан жұмысын тоқтатты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысындағы цемент зауытының жүргізушілері екінші күн қатарынан жұмысын тоқтатты

21.07.2023

Жетісу облысындағы цемент зауытының жүргізушілері екінші күн қатарынан жұмысын тоқтатты. Олардың мұндай әрекетке баруына жол көлік апатының жиілеп кетуі себеп. Айтуларынша көліктер техникалық тексеруден өтпей тоқтаусыз жұмыс істейді. Рұқсат етілген 18 тонннаның орнына 35-40 тонна шикізат тиеледі. Күні кеше тағы бір көлік апатқа ұшырап, жүргізушінің аяғы сынып, жамбасы шыққан. Ауыр жүк тиеген көліктің тежегіші істен шығып, қатты екпінмен тауға соғылған. Жұмысшылардың пайымдауынша зауыттағы көліктерге техникалық тексеру мүлдем жүргізілмейді. Жалақы төмен.

Ержан Дәулетбақов, көлік жүргізушісі:

Мынаған қандай көмектер көрсетіледі, қандай көмектер болады деп айтқан кезде, бізге осы басшыларымыз, Қытай өкілі басшыларының айтқан әңгімесі ешқандай ақша төленбейді деді. Біз жанымыз ашып, бауырымыз сондай хәлде жатқанын көріп, сондықтан машиналардың бәрін жұмысын тоқтаттық.

Ортақ мәмілеге келе алмаған екі тараптың мәселесіне жергілікті билік өкілдері мен прокуратура араласты. Нәтижесінде жұмыс берушілер жүргізушілермен қайтадан келісімшартқа отыратын болды. Сондай-ақ цемент зауытының басшылары бұдан былай көлікке шамадан тыс жүк тиеуді тоқтатып, Қазақстан заңнамаларында белгіленген мөлшермен шикізат тасымалдайтын болды.

Джу Сяу Лу, көліктік компания құрылтайшысы:

Біз бұдан былай техниканы қатаң бақылауға аламыз. Жөндеу цехы мен көлікті жөндейтін жұмысшылардың да жұмысын қадағалайтын боламыз. Жүргізушілердің ұсыныстарын назарға аламыз. Және өзіміз де жаңа талаптар қоятын боламыз. Зардап шеккен азаматқа көмек көрсетіп, жағдайын жеке өзім бақылап отырамын.

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу