«Каспий цемент» зауытының құрылысы аяқталуға жақын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Каспий цемент» зауытының құрылысы аяқталуға жақын

09.06.2014
«Каспий цемент» зауытының құрылысы аяқталуға жақын
«Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы - ел экономикасының нығаюына серпін берді. Мәселен, Маңғыстау облысының Шетпе кентінде бой көтерген цемент зауытының өндірістік қуаты жоғары.
 
Инвесторлар күшімен тұрғызылған зауыт жұмысшылары цементті тың қоспамен жасауды қолға алды.
 
Іргелі кәсіпорын биыл жыл аяғына дейін салтанатты түрде ашылмақшы.
 
«Каспий цемент» зауытының құрылысы толық аяқталуға жақын. Алдымен кәсіпорынның инфрақұрылымы жүзеге асырылды. 6 шақырымдық теміржол төселіп, станцияның шойын жол желісі жөнделді.
 
Электр қуатымен қамту орталығы тұрғызылып, су дайындау нысанының құрылысы қолға алынды. 
 
Жұмысшылар үшін 150 орындық вахталық кент салынды. Соңғы 5 айда зауыт өнімдерін сатылымға шығара бастады.
 
Жазира Әбіл, тілші:
Неміс инвесторлары қаржыландыратын зауытта қазір 270 адам жұмыс істеп жатыр. Олардың тең жартысын жергілікті тұрғындар құрайды. Заманауи техниканың тілін меңгерген оларға мұнда барлық жағдай жасалған.
 
Расул Шегебай, жұмысшы:
Жұмыс істегеніме бір жылдай болды. Жұмыс орны қолайлы, елді мекенге жақын. Қаншама бос жүрген адамдар жұмыспен қамтылды . Болашағы зор.
 
Нұрхат Махамбетов, жұмысшы:
Аусар деген жерден әкелген құмды, сазды жинап тұрамын. Өскеменде оқып келдім. Жұмыстың бәрін техника жасайды. Ауыстыратын кезде ғана қол жұмысын жүргіземіз. 
 
Құрылыс жұмыстарына арналған цементтің   мұнда тың қоспасы бар. Жергілікті құрғақ борды қосу арқылы аса мықты цемент шығарылады. «Сапасы өте жоғары», дейді мамандар.
 
Зауытта Оңтүстік Шетпе және Аусар кен орындарының шикізаттары пайдаланылады. Кәсіпорынның техникалық мүмкіндігі арқасында құрғақ цемент өндірісіне қуат көзі әдеттегіден аз жұмсалады. Әрі экологиялық жағынан тиімді.
 
Мұнда тәулігіне 2 мың тонна өнім өндіріледі. Жылдық көрсеткіш - 800 мың тоннадан 1 миллион тоннаға дейін.
 
Кашиштоф Бурек, «Каспий цемент» зауытының директоры:
Бұл зауыт әлемде алғаш рет құрғақ борды өндіріске пайдалануды бастады. Құм, бор, саз балшық пен темір қоспасын араластырып, 1500 градуста қыздыру арқылы цемент аламыз. Мұнда цементтің 3 түрі шығарылады.
 
Зауыт құны - 130 миллион еуро. Іргелі кәсіпорын жыл аяғына дейін ресми түрде ашылады. Зауыт еліміздің Батыс өңірін цементпен қамтамасыз етіп, кейін өнімдерін Ресей мен Әзірбайжанға экспорттауды жоспарлауда.
 
Жазира ӘБІЛ

Хабарламаларға жазылу