Қазақстандық блогерлердің тізімі кірістер комитетіне беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық блогерлердің тізімі кірістер комитетіне беріледі

18.07.2023

Қазақстандық блогерлердің тізімін қыркүйек айынан бастап Ақпарат министрлігі кірістер комитетіне береді. Әзірге олардың нақты саны қанша екенін білу қиын. Мамандар бұл заңнан қорқудың еш қажеті жоқ екенін алға тартып отыр. Керісінше, жалған ақпартқа жол бермеу, жарнаманы ашық көрсету әлеуметтік желіні реттейді дейді. Бірақ, «инфо-киллерлерді» анықтау оңайға соқпайтынын айтады. Әлеуметтік желі арқылы жарнама жасап, табыс тауып жүрген блогерлер 9 қыркүйекке дейін жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек. Сарапшы Айбар Олжай: «Интернет-платформа және интернет-жарнама туралы» жаңа заңдағы екі ұғымды шатастырып алмау керектіген айтады. Бірі – блогер, яғни, ақылы пост жазсаңыз, бірден салық төлейсіз. Екіншісі – онлайн платформа қолданушысы. Олар, әдеттегідей, өз ойын жазады, бірақ ешқандай одан табыс көрмейді. Бірақ дәл осы жерде әлеуметтік желі белсендісінің «инфо-киллер» емес екенін дәлелдеу қиын дейді ол.

Айбар Олжай, сарапшы:

Ол жерде, әрине, тапсырыс ақшамен келді ме деген нәрсені анықтау өте қиын. Оның бәрі астыртын жүргізіледі. Бірақ бізде кез-келген адамды біздің әкімшілік кодекс қорғайды. Егер адамдар қаралап жатса, өзінің ар-намысын заң бойынша толық қорғауға құқығы бар. Заң бізге нақты блогер/инфлюенсер ұғымын бекітеді, біздің нарықтағы ойын ережелерін бегілі бір қалыпқа келтіреді және біз заң аясында жұмыс істегендіктен, тез өсіп жатқан нарықта белгілі бір тәртіп орнайтын сияқты.

Заңға сәйкес, әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқандарға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ал өз парақшасы арқылы табыс табатын блогерлер үшін оның көлемі бірнеше есе көп. Заңгер Жанділдә Әжіғалиұлы, бұл заң сөзсіз керек, тіпті, кешірек қабылдап отырмыз дейді.

Жанділдә Жақыпов, заңгер:

Түркияда 2020 жылы, Америкада 2021 жылы шығарып қойған. Үш жыл өтті, біз енді ғана шығарып жатырмыз. Бұл блогерлерге қарсы заң емес. Бұл солардың жұмысын ретейтін заң. Заңды сақтаған адам салық болсын, басқа болсын беймарал ұйықтайды. Ал бұл заң болмаған жағдайда кім біледі не боларын?

Ал кірістер комитеті қыркүйектен бастап әлеуметтік желіні табыс көзіне айналдырған блогерлердің қайсысы жеке кәсіпкер ретінде тіркелгені туралы мәліметті Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінен алып отырмақ. Өйткені, осы уақытқа дейін жеке кәсіпкерміз деп тіркелгендердің нақты блогер екенін нақтылайтын тетік болмаған.

Айнұр Сартаева, ҚР ҚМ мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі:

Осыған дейін экономикалық қызметердің де түрлері бар. ОКЭД-тар. Сонда нақты блогерге қатысты бөлек ОКЭД жоқ. Бар жарнама, басқа да қызмет көрсету түрлері . Блогерлік қызметі жүзеге асырып отырған азамат әртүрлі ОКЭД-пен тіркелуі мүмкін. Қазіргі уақытта бірқатар блогерлер салық төлеп отыр. Бірақ олар өздерінің аталған блогерлік қызметінен бөлек, басқа кәсіпкерлік қызмет түрі бар. Ал нақты қай кәсіптің түрінен табыс тауып отырғанын білмейміз.

Әр жарнаманы таңбалауға міндетті блогерлер кәсіпкер болып тіркелгендіктен, келесі жылы жалпы ұлттық декларация тапсыратыны тағы бар. Ол кезде үй мен көлігінен бастап есеп шотындағы қаражатының қайдан келгенін көрсетуге міндеттеледі.

Әйгерім Ердәулет

Хабарламаларға жазылу