Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Кореяның президенті Юн Сок Ёлге көңіл айту жеделхатын жолдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Кореяның президенті Юн Сок Ёлге көңіл айту жеделхатын жолдады

17.07.2023

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Кореяның президенті Юн Сок Ёлге су тасқыны мен лай көшкінінен адамдардың қаза табуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.

«Табиғи апат салдарынан орны толмас қайғыға ортақтасып, жақындарынан айырылған азаматтарға Қазақстан халқының және жеке өз атымнан көңіл айтамын.Зардап шеккендердің тез арада сауығуын, із-түссіз жоғалған азаматтардың отбасыларына оралуын тілеймін», - деп жазылған жеделхатта.

Соңғы мәліметке сай, Оңтүстік Кореяда тасқыннан көз жұмғандар саны 39-ға жетті. 9 адам жоғалып кеткен. Марқұм болғандардың көбі - лай көшкіні жүрген таулы аймақ тұрғындары. 34 адам жараланған. Елде үздіксіз нөсерден кейін өзендер арнасынан асып, лай көшкіні жүрген. Электр жарығы өшті. Чхонджу қаласына жақын маңдағы көлік туннелін су басып, құтқарушылар 13 адамның денесін алып шықты. Бұл жерде барлығы неше адам болғаны белгісіз. Олар тасқын басталғанда туннельден шығып үлгермеген.


Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу