Өзбекстанда жетінші мәрте өткен президент сайлауы қорытындыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстанда жетінші мәрте өткен президент сайлауы қорытындыланды

10.07.2023

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевті Өзбекстан Республикасының Президенті сайлауындағы сенімді жеңісімен құттықтады. Екі ел басшылары телефон арқылы сөйлесті. Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс беру қорытындысы елді орнықты дамытуға, оның тұрақтылығы мен өркендеуін қамтамасыз етуге бағытталған Өзбекстан президенті ұстанымының жалпыхалықтық қолдауға ие болғанын айқын көрсетеді деп атап өтті. Әңгімелесу барысында Президент қазақ-өзбек қатынастарын стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухында одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады. 

Өзбекстан тәуелсіздік алғаннан бері Президент сайлауы осымен жетінші мәрте өтіп отыр. Бұл жолғы алдын ала саналған дауыс нәтижелеріне сай, Шавкат Мирзиёев жеңіске жетті. Өзбекстанның қазіргі президентіне сайлаушылардың 87 пайызы дауыс берген. Шавкат Мирзиёевпен бірге сайлауда үш партиядан шыққан үш кандидат бақ сынады. Дауыс беруге сайлаушылардың 80 пайызы қатысқан.

Көршілес мемлекетте жексенбіде болған президент сайлауы тұңғыш рет мерзімінен бұрын өтуімен ел тарихында қалды. Сайлау науқаны маусымның 7-де басталып, тура бір айға созылды. Кезектен тыс сайлау 30 сәуірдегі референдумда Өзбекстан Конституциясына түзетулер құпталғаннан кейін өтіп отыр. Бұл өзгеріске сай, президенттік мерзім бес емес, жеті жыл болып бекітілді. Бұған қоса президент өкілеттігі де кеңеймек.

Акмал Саидов, Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Заң шығару палатасы спикерінің бірінші орынбасары:

Өзбекстан конституциясының жаңа редакциясы жаңа Өзбекстандағы өзгерістерді көрсетеді. Кезектен тыс президент сайлауы - демократиялық дамуымыздың және жаңа Өзбекстанның қалыптасуының көрінісі.

Дегенмен сайлаудың ресми қорытындысы шілденің 19-на дейін мәлім болады. Айта кетсек, Шавкат Мирзиёев Өзбекстанды 2016 жылдан бері басқарып келеді. «Рейтердің» хабарлауынша, ол сайлауалды бағдарламасында инвестиция мен туризмді арттыру үшін ашықтықты жалғастыруға уәде берді.


Хабарламаларға жазылу