Солтүстіктің Қызылжар және Мағжан Жұмабаев аудандарының 5 елді мекенінде көбелек құрты қаптады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солтүстіктің Қызылжар және Мағжан Жұмабаев аудандарының 5 елді мекенінде көбелек құрты қаптады

05.07.2023

Солтүстік Қазақстанның Қызылжар және Мағжан Жұмабаев аудандарының 5 елді мекенінде көбелек құрты қаптады. Зиянкестер жолындағы жасыл желекті түгел жайпап барады. Тіпті егіс алқаптарына дейін ауыз салған. Тұрғындар 2-3 күннен бері құрттарды жоймақ болғанымен, әзірге нәтиже жоқ.

Жауын құрттың көптігі сонша аяқ алып жүретін жер қалмаған. Зиянкестер 2-3 күн бұрын ғана пайда болыпты. Жұлдыз құрттар тіпті сағат сайын көбейіп, жасыл желек атаулыны селдіреген қурайға айналдырған.

Эльмира Кәленова, тілші:

Құрттардың көптігі сонша, үйлердің қабырғаларына дейін мініп кеткен. Зиянкестер жолындағының бәрін жалмай береді. Мамандардың айтуынша оларды шұғыл түрде улау қажет. Әйтпесе жағдай ушығуы әбден мүмкін.

Наталья Киселева 25 сотық жерге картоп еккен. Жыл сайын мол өнім алатын ол биыл еңбегім еш кетті деп налиды. Жайқалып тұрған көкөністің сабағы біртіндеп солып барады.

Наталья Киселева, ауыл тұрғыны:

Бірінші рет құрттарды жем салынған қаптан көрдім. Аса мән бермедім. Айналасы 2-3 күнде бақшадағы картоптың 20 пайызының сабағын жеп қойды.

Серікбай Кәкенов, ауыл тұрғыны:

Сағат 8-7 сол кезде көп болады. Өтеді, былай қарай. Туғалы мұндайды көрген нәрсе емеспін. Қайдан пайда болғанын.

Құрттардың қайдан келгенін мамандар да дөп басып айта алмады. Бірақ, қауіптің орасан екенін жоққа шығармайды. Жауапты органдар зиянкестерді улауға кірісті. Нәтижесі бірер күнде байқалуы тиіс.

Қабиден Сәдуақасов, «Фитосанитариялық диагностика және болжам орталығы» рмм филиалының жетекшісі:

Қаупі өте көп. Өйткені басқа зиянкестерге қарағанда, барлық шөптерді жей береді. Арам шөптер көп. Сол жерлерге көбелек отырып, сол жерден құрттар пайда болып, көбеюі мүмкін.

Көбелек құртттар кейбір шаруашылықтардың егіс алқаптарына да жеткен. Диқандар дер кезінде алдын-алу шараларын жүргізгендіктен оларға айтарлықтай қауіп жоқ.


Хабарламаларға жазылу