Қызылорда облысында егінге ағын су тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында егінге ағын су тапшы

21.06.2023

Қызылорда облысы, Қазалы ауданында егінге ағын су тапшы. Сырдарияның сағасында орналасқан өлкенің диқандары қазір күріштік алқаптарды кезекпен суарып, амалдап отыр. Ал кейбір шаруашылықтар өзі аз суды жеткізу үшін бау-бақша дақылдарын тамшылатып суару әдісіне көшкен. Қазалы ауданында күріш өсіруге ыңғайланған 9 мың гектардан астам жер бар. Бірақ, Сырдария өзенімен келетін судың жылдан жылға азайғандығынан диқандар биыл небәрі 6 мыңдай гектар алқапқа күріш егіп отыр. Егістік едәуір қысқарғанымен соның өзіне су жеткізу мұң, - дейді шаруалар.

Кеңес Шайықов, шаруашылық бригадирі:

Судың мынау аз болады деп жатқанына байланысты бізде енді график қойып отырмыз. Кезекке енді өзіміз келісіп отырмыз. Енді амал жоқ. Олар да егу керек қой.

Жалпы биыл Қазалыда көктемгі дала жұмыстары 10 күнге кеш басталды. Күріштік алқаптарды суару маусымның ортасына дейін созылды. Тіпті, егіске дайындап қойған жерлерге су жетпей, шығынға батқандар да бар.

Күнтілес Назымбеков, Қазалы ауданы әкімінің орынбасары:

Дәнін сеуіп қойған жердің өзінде 545 гектар жер алаңсыз қалып отыр. Оны енді суға бастырады деп ойламаймыз. Одан бөлек 2200 гектардың үстінде бау-бақша бар, жеміс-жидектер бар оларға да суды қиындықпен беріп жатырмыз.

Бүгінде ауданда егін егіп, жерден ырзық-несібесін көруді ниет еткен шаруашылықтар әуелі каналдар жүйесін тазалады. Сосын су сорғыш қондырғылар орнатып, егінге су жеткізудің бар амалын жасауда.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Аяқсудан таршылық көрген қазалылық шаруалар соңғы жылдары суды үнемді пайдаланудың әдіс-тәсіліне көшуде. Мәселен, мынау Испан технологиясының жаңбырлатып суару әдісімен 67 гектар жүгері алқабы өсірілуде.

Бірақ мұндай тың технологияны қолдануға көбінің қаржылық мүмкіндігі жете бермейді. Сондықтан, Сырдариядан өз еншісін ала алмай отырған қазалының дихандары трансшекаралық өзеннің су мәселесі Үкіметаралық деңгейде қаралып, шешімін тапса екен дейді.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу