Түркістандық шаруалар ағын су тапшылығын сезінуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістандық шаруалар ағын су тапшылығын сезінуде

11.09.2020

Биыл Түркістан облысында ағын су тапшы болып, құрғақшылық шаруаларды әжептәуір шаршатты. Өйткені жылдағыға қарағанда аймақтағы өзен-көлдерге су қоры 30-35 пайызға кем жиналды. Мұның салдарынан Арыс және Келес өзендерінен су алу лимиті үштен бірге қысқарған. Қиындықты әсіресе Отырар, Жетісай мен Мақтарал аудандарының шарулары сезінді. 

Ағын судың тапшылығынан жүгері бойлап өсе алмады, жоңышқа жерден көтерілмеді. Жұмабай Сапарбайұлының 70 гектар жердегі егіндігінің жайы осы. Каналдың табаны бетондалмағандықтан мөлшермен берілген су толық келіп жетпейді. Мұндай қиындық әсіресе каналдың аяғына жайғасқан Талапты, Қоғам, Қарғалы ауылдарының жұртын әбден сансыратты.  

Жұмабай Сапарбайұлы, диқан:

- Бұрын 4-5 су ішетінбіз. Биыл 3 суға қанағаттандық. Жеріміз тұзды жер. Су тапшы болған соң гектарына шамалы жер қалып кетсе сол араға тұз үймелейді. Бұрынғы дренаждардың бәрі көміліп қалған. Су өтпейді. 

Отырарлық шаруалар шөлейтті сортаң жерін ылғалдандыра алмай шаршаса, бұлақтың басында отырған Түлкібас ауданының халқы да 30 жылдан бері ағын суға жарымай-ақ қойды. Арықтар бітелген. Тазартылмаған. 

Ержан Әбдіхалық, диқан:

- Бастаудан секундына 200 литр шығатын суымыздың үштен бірі ғана қалды. Мінеки мына жер 70 гектар Осының бәрі багара. Сол жерге су түссе жоңышқа егіп, малымызды бағар едік.

Қазір өңірдегі суару жүйелері шамамен 63% жарамды күйде. Олардың су өткізу мүмкіндігін жақсарту мақсатында Отырардағы Алтынбеков каналының 6 шықырымы механикалық тазалаудан өткізілді. Түлкібас ауданында биыл 2 нысан жаңартылып жатыр. Оның шеңберінде аудандағы ауылдардың біріне баратын 5 бөгет және 13 магистральды канал қайта іске қосылмақ. Бұл жұмыстарға 300 техника жұмылдырылған.

Дархан Ысқақов, «Қазсушар» РМК Түркістан облыстық филиалының бас инженері

- Қазіргі таңда механикалық тазалау жұмысы жүріп жатыр 130 каналда. Соның 430 шақырымы толық тазаланып бітті. Енді қалған 200 шақырымы вегитациядан соң бітеді. Өз күшімізбен жасаймыз. 

Сондай-ақ «Қазсушар» мекемесі өңірдегі су қоймаларын талапқа сай жабдықтау, жөндеу жұмыстарын да қолға алды. Су жүйелерін қалпына келтіру үшін қазынадан 3 жарым миллиард теңге бөлінген. Бүгінге дейін межеленген жұмыстың 70 проценті аяқталған. 


Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу