Басты Жаңалықтар Бір жылда Жетісу облысында не өзгерді?

Бір жылда Жетісу облысында не өзгерді?

Былтыр құрылған облыстардың 1 жылда қалай өзгергенін, я өзгермегенін көрсетуді жалғастырамыз. Бұл аптада Жетісу облысына материал арнадық. Қытай елімен шекаралас аймақтың стратегиялық тұрғыдан маңызы зор. Әрі ауылшаруашылық әлеуеті, туристік мүмкіндіктері де жетерлік. 2 қала 8 ауданнан тұратын өңірдің жалпы аумағы: 118 мың шаршы шақырым. Халық саны 700 мыңға жуық. Оның 388 мыңы ауылдарда тұрады. 2023 жылғы бюджеті 470 млрд теңге төңірегінде бекітілсе, оның 375 млрд теңгесі республикалық трансферт. 

Бұдан шығатын қорытынды: өзін-өзі асырайтындай жағдайға жету үшін әлі біраз уақыт керек. Қуаныш Қанатұлы жалғастырады. 

Жетісу үшін стратегиялық маңызы бар қант қызылшасы мен жүгері өндірісін өркендету, тұрғындарды сапалы ауыз су және көгілдір отынмен қамтамасыз ету - ең өзекті мәселелер. Сондықтан басты бағыт та осы болды. Бір жылда қант қызылшасының алқабы 2 есеге ұлғайтылып, 8 мың гектардан асты. Екі қант зауыты толық қуатына көшіп, биыл 47 мың тонна шекер өндіру жоспары тұр. Кәсіпорындар күзде тәтті түбірді өндірсе, жаз айларында қант құрағынан қант шығарып, жыл бойы үздіксіз жұмыс істеуге кірісті.

Облыс биыл 520 мың гектарға ауылшаруашылығы дақылдарын септі. 30 мың гектар суармалы алқап жаңадан қосылды. Биыл облысқа 27 млрд теңге субсидия қарастырылған.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Аграрлы аймақтың экономикасына тың серпін беретін салалардың бірі – ол мал шаруашылығы. Бүгінде Жетісу облысындағы 4 түлік саны 3 млн-нан асса солардың 22 пайызы асыл тұқымды мал. Бұл көрмеде ең үздіктері жұрт назарына ұсынылды.

Лепсі ауылында жылда ұйымдастырылатын асыл тұқымды мал көрмесіне етті және сүтті бағытта мол өнім беретін ірі қара, қой мен жылқы, түйе әкелініп, өңірдің мал шаруашылығындағы әлеуеті көрсетіліп, шаруалардың ортақ мәселелері талқыланады. Ет экспортында әлі де кедергілер көп. Мал өнімдерін сыртқа шығару үшін ветеринария саласын жетілдіру қажет, - дейді сала мамандары.

Бауыржан Оспанов, «Жерсу» ӘКК бақылаушылар кеңесінің төрағасы:

Халықаралық ұйымдар бір аурулар шығып қалса Қазақстан ішінде, оны өте қатты қадағалайды. Өз мемлекеттеріне кіргізбейді. Сондықтан малды ветеринария дейміз ғой. Бұл салаларға Үкімет өте қатты көңіл бөліп, бұл аурулар шығып жатса да, ол мал болғаннан кейін, тірі мал болғаннан кейін әр региондарда болып тұрады. Аудан немесе облыс. Сол жерде шешіліп отыру керек.

Жетісу облысы тұрғындарының 90 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылғанымен Текеліде бірнеше жылдан бері тіршілік нәрі өте өзекті. Әсіресе жаз айларында ауыз су ашық су көздерінен алынғандықтан, халыққа әк араласқан лай су барады. Салдарынан ыдыс арқалаған шаһар тұрғындары қайнарларды жағалап, ішер суын бұлақтан алады.

Ролан Жансұлтанов, Текелі қаласының тұрғыны:

Кранның суы ішуге жарамайды, келмейді. Қыста былай тазарғанымен көктем уақытысында су ерігеннен кейін мрамормен араласып келеді де, ағызған кезде әппақ ақ су, мрамор ұн араласқан сияқты болып түседі. Сондықтан осы бұлақтан алып ішеміз.

Текелі қаласының ауыз су мәселесін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өңірге барған сапарында көтерген. Қазіргі таңда 6 мың текше метрлік жаңдан су жинайтын резервуар салынып, қалаға 15 шақырым құбыр тартылып жатыр. Жоба құны 1 млрд теңгеге жуық. Былтыр басталған жұмыс биыл күзде аяқталуы тиіс.

Ғалым Қызылбасов, Текелі қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:

Шажа өзенінен дейміз. Содан құбыр тартып жатырмыз. Ұзындығы төрт шақырым болады. Соның екі шақырымын бітірдік. Сол суды енді майдың аяғына дейін біз сол Шажа өзенінен суды Текеліге қамтамасыз етеміз деп жоспарлануда.

Сол сияқты облысты газдандыру да кезең-кезеңмен жүзеге асырылып келеді. Қазіргі таңда өңір тұрғындарының небәрі 41 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Ал облыс орталығы Талдықорғанда баспана мәселесі өзекті. Қазірдің өзінде 15 мың адам үй кезегінде тұр. Құрылыс қарқынды жүріп жатқанымен кезектің жылжуы қиын. Алдыңғы жылдары заңсыз беріліп кеткен мыңнан астам пәтер мемлекетке қайтарыла бастады. Биыл кезектегі 2 мыңға жуық азамат баспаналы болмақ.

Бейбіт Исабаев, Жетісу облысының әкімі:

Облыста 30 мыңнан астам, 31 мың адам үйдің кезегінде тұратын болса, Талдықорған қаласында 15 мың адам тұрады. Біз алдағы 3-4 жылдың ішінде сол кезекті жарты есеге дейін түсіру. Ол үшін кемнде облыста 200 мың шаршы метрден кем емес үй беруіміз керек.

Өңірдің өркендеуіне елеулі үлес қоса алатын сала - туризм.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Алакөлде шомылу маусымы басталғанымен бірақ жағада адам аз. Ол түсінікті де. Су әлі суық, ауа райы да құбылып тұр. Бұл жерде нағыз шомылу маусымы шілденің шіліңгір ыстығында басталмақ.

Алайда бұл салада да кемшін тұстар көп. Айдынды Алакөл жағасын жылдар бойы су шайып, тұрғын үйлер мен демалыс орындарына қауіп төндіруде. Баға мен сапа айырмашылығынан туристердің басым бөлігі демалуға туған жерге емес, шетелге барғанды жөн көреді.

Әсем Асқарова, туристік компания өкілі:

Бізде Қазақстанда қазір сервистік даму жағынан өте-өте төмен жақтамыз. Бірақ қазақстандық туристер ең капризный туристер. Негізі бізге кішкене бағаны түсіру керек, немесе сервистің жұмысын қатты көбейту керек. Өйткені мындағы номерлардың өздері мысалы 30 мың теңге болса, ол сервиске жұмыстары сәйкес келмейді.

Десе де биыл айдынды Алакөлге қатынау ретке келтірілді. Талдықорған-Үшарал, Үшарал-Достық жол құрылысының негізгі жұмыстары аяқталды. Әуежайдың ұшып-қону жолағы да жаңартылды. Теміржолмен де Астана мен Алматыдан, Семей мен Өскеменнен келуге болады. Бірақ дәл осылай Балқаш көлі туралы ауыз толтырып айтуға әлі ерте. Лепсі ауылына баратын жол құрылысы созылып кетті. Көл жағасында да демалуға жағдай жасалмаған. Сырттан келетін демалушылар тұрмақ жергілікті тұрғындардың өзі Балқашқа барудан бас тартып отыр.

Дархан Бейісбеков, Сарқан қаласының тұрғыны:

Жолдың нашарлығына байланысты. Және де Балқаш көлінде Алакөлдегідей, Ақшидегідей жағдай жоқ. Жарық, ауыз су, таза ауыз су, сол жағы қиындау.

Алматы облысымен бір болғанда аймақтың өндірістік-өнеркәсіптік әлеуеті көш ілгері болатын. Қазір көптеген ірі кәсіпорын көрші облыстың еншісінде қалды. 10 күн бұрын бір жылдығын атап өткен аймақтың енді инвестиция тарту, жаңа өндіріс нысандарын іске қосу, жұмыс орындарын ашу, жер қойнауындағы қазба байлықтарды игеру міндеті тұр. Ал халық әлеуметтік сала бұлардың тасасында қалып қоймаса, дейді.

Қуаныш Қанатұлы


Бөлісу