Ұлттық Құрылтай – ұсыныс-пікірлердің ашық алаңы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық Құрылтай – ұсыныс-пікірлердің ашық алаңы

17.06.2023

Түркістан қаласында өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда елдік мәселелер талқыға түсіп, ұлттық мүддеге қатысты маңызды дүниелер сөз болды. Көпшіліктің талқысына түскен ұсыныс-пікірлер мазмұны мен мән-маңызы жағынан да өте өзекті, әрі сан алуан мәселелер қозғалды. Оның ішінде Құрылтайдың жұмысын жандандыру, басқа да институттармен қарым-қатынасын нығайту мәселелері қаралды. Сонымен қатар өткен жылы ұлт ұясы - Ұлытауда өткен алғашқы құрылтайда Президенттің берген тапсырмаларының қалай жүзеге асқаны туралы есептер берілді. 

Вадим Басин Қазақстанның еңбек ері, Ұлттық құрылтай мүшесі:

Қазіргі құрылтай бұл жәй айтып, оны орындамай қоя салатын жиын емес. Сол айтылған мәселелерді шешудің жолдарын қарастыратын, жол көрсететін орынға айналып отыр. Мәселен бүгінгі басқосуда тек мәдениет, ғылым тақырыбы емес, елдің тұрмыс-тіршілігін жақсарту, жолдарды жөндеу, ауылдарды ауыз сумен қамту сияқты өзекті мәселелер де сөз болды. Халықтың күнделікті өмірін жақсарту үшін қандай жұмыстар атқарылуы керек деген проблемалар қамтылды. Өскелең ұрпақтың тәрбиесін қайтсек жақсартамыз деген мәселелер де айтылды. Әрине ол бүгін, ертең шешіле қоя салатын шаруа емес. Оған ел болып атсалысуымыз керек.

Сарапшылар Ұлттық құрылтайдың мән-маңызы мен салмағы жылдан жылға артып келе жатқанын айтады. Мұнда тек мәселе айтылып қана қоймайды. Оны шешудің жолдары да қарастырылады. Соның нәтижесінде Ұлттық құрылтай - азаматтардың ұсыныс-пікірлерін айтатын ашық алаңға айналып келеді. Бұл ретте әсіресе зиялы қауым өкілдеріне үлкен жауапкершілік жүктелген.


Хабарламаларға жазылу