АҚШ полиция тарихындағы ең үлкен өтемақы. Полицияның заңсыз әрекетінен сал болып қалған америкалық 45 миллион доллар өндіріп алды. Күдіктіні ұстағап, қолына кісен салған соң қауіпсіздік белдігін тақпаған полициялар кінәлі деп танылды.
Коннектикут штатынның тұрғыны 36 жастағы Рэнди Кокс суық қарумен көшедегі әйелді қорқытты деген күдікке ілініп, қамауға алынады. Полиция оның қолына кісен салып, көлікке отырғызғанмен міндетті болса да қауіпсіздік белдігін тақпайды. Ал жолда апатқа ұшырай жаздаған көлік жүргізушісі тежегішті күрт басады. Сол сәтте, қауіпсіздік белдігі тағылмаған күдікті қатты құлап, темір торға соғылады. Рэнди Кокс қозғала алмай қалғанын айтып, көмек сұрап жалынады. Бірақ оған сенбеген құқық қорғаушылар күдіктіні сүйрелеп, камераға апарады. Біраз уақыттан кейін келген жедел жәрдем Коксың жұлыны зақымданғанын біледі.
Лакуавиус Легранд, Рэнди Кокстың апайы:
Ол кеудеден төмен қарай сал болып қана қойған жоқ. Өздеріңіз естігендей ол дұрыс ұйықтай алмайды, не сөйлей алмайды, тамақ та іше алмайды. Тек жылай береді. Біздің де жылағаннан басқа ештеңе қолымыздан келмейді.
Төсекке таңылған Рэнди Кокс өткен жылы офицерлер мен Нью-Хейвен қаласын сотқа беріп, 100 миллион доллар талап етеді. Сот 45 млн өтемақы төлеу жөнінде шешім шығарып, тараптар ымыраға келеді. Адвокаттардың айтуынша, бұл АҚШ тарихындағы полицияның теріс әрекетіне байланысты ең ірі өтемақы болып отыр.
Джастин Эликер, Нью-Хейвен қаласының мэрі:
45 миллион доллардың 30 миллионын қаланың сақтандыру полисі, қалғанын Нью-Хейвен қаласы төлеп береді. Мұндай оқиға енді ешқашан қайталанбауы керек.
Оны ұстауға қатысқан барлық офицердің үстінен немқұрайлығы үшін қылмыстық іс қозғалған. Ал екеуі жұмыстан шығарылды. Мамандардың айтуынша, егер полиция заңға сай әрекет етіп, тасымалдамай тұрып, қауіпсіздік белдігін таққанда онда күдікті қанша жарақат алса да мұндай жазаға тартылмас еді.
Жалғас Сәдібекұлы