Соңғы бес айда отандық балмұздақ өндірісі бірнеше есеге ұлғайды. Соның арқасында Қазақстанға өнімнің аталған түрін импорттау көрсеткіші 34 процентке төмендеген. Бұл туралы Алматы облысының әкімі хабарлады. Марат Сұлтанғазиевтің сөзінше, өткен жылы өңірде өнеркәсіп өсімі 10 пайызға жетіп, экспорт көлемі 600 млн АҚШ долларын құраған. Аймақтың экономикалық дамуы туралы тілші тарқатып айтады.
Бұл - Орталық Азиядағы балмұздақ өндіретін ең ірі кәсіпорын. Іле ауданында орналасқан фабрика жылына 20 мың тоннаға жуық өнім шығарады. Бұл Қазақстаннан бөлек Өзбекстан, Қырғызстан сынды тағы бірнеше мемлекетті ыстықбасар тәттімен қамтуға толық жетеді. Қазір компания өндіріс көлемін арттырып, Еуразияда баламасы жоқ қойма салып жатыр.
Дмитрий Докин, «Шин-Лайн» компаниясы директорлар кеңесінің өкілі:
Қойманың сыйымдылығы 5 мың тонна. Ондағы температура 27 градусқа дейін жетеді. Бұл өнімнің ұзақ уақытқа дейін сақталуын қамтамасыз етеді және толықтай автоматтандырылған.
Қазір облыс аумағында «Fruit Art» экспорттық жеміс-жидектер кластері бар. Ол да Орталық Азияда теңдесі жоқ кәсіпорын саналады. Тағы бір маңызды жоба - «Жетіген» транзиттік теміржол станциясы. 8 мың контейнерді сыйғыза алатын станция Қытай мен ТМД елдерінің жүктерін қабылдап, уақытша сақтауға арналған. Жалпы облыста соңғы жылдары шағын және орта бизнес субьектілерінің де саны артып, өңделген тауарлардың экспорт көлемі ұлғайған.
Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:
Өңделген өнім экспорты 20 процентке өсіп, шамамен 600 млн ақш долларын құрады. Эконмика тиімділігінің негізгі факторы болып табылатын шағын орта бизнес субьектілерінің саны 128 мыңнан асты. Яғни өсім 1,4 есе. Республикада облыстардың ішінде бірінші орында тұрмыз.
Облыстың экономикалық әлеуеті артып келеді. Бірақ шешілуі тиіс мәселелер де аз емес. Мысалы, өңір жұмысшыларға төленетін жалақының көлемі жағынан елімізде соңғы орындарда. Одан қалды 30 мыңнан астам жұмыссыз жүрген азамат бар. Бұл проблема алдағы бір-екі жылда шешімін табады деді өңір басшысы.
Нұрсұлтан Тілектес