Түркияның Кастамону қаласында Түркі әлемінің күндері өтті
Түркияның Кастамону қаласында Түркі әлемінің күндері өтті. Осымен 23-рет ұйымдастырылып отырған шараға күллі түркі әлемінен ғалымдар мен студенттер, өнерпаздар мен спортшылар қатысты.
Үлкенді-кішілі Түркі халықтарының барлығы бас қосқан фестиваль шерумен басталды. Ұлттық киімдерін киген өнерпаздар мен спортшылар Кастамону көшелерін жаяу жүріп өтті. Қала тұрғындары қонақтарды үлкен қошеметпен қарсы алды. Осы шара аясында өткен ұлттық қолөнер бұйымдары көрмесі де көпшіліктің көңілінен шықты.
Айша Алпарслан, қазақ-түрік қоғамдық қорының өкілі:
Қазақтардың тұскиізін, киімдерін, шапандарын алып келдік. Түркия қазақтарын таныстыру үшін осы жерге келдік. Келгенімізге қатты қуаныштымыз. Қазақстаннан, Түркіменстаннан, Қырғызстаннан келіп отыр, бүкіл түркі елдері осы жерде жүр.
Наталья Танагашова, Шор халқының өкілі (Ресей Федерациясы):
Біз сияқты шағын Түркі халықтары үшін мұндай жиындар өте маңызды. Өзіміздің мәдениетіміз бен дәстүрімізді таныстырамыз. Өзге Түркі халықтарымен қарым-қатынасымызды нығайтамыз. Сол үшін жылда фестивальға келеміз.
Қаратеңіз жағалауындағы Кастамону қаласында Түркі дүниесі күндері 30 жылдан бері өтіп келеді. Дегенмен соңғы екі жылда бұл шараның мәні де маңызы да арта түскен.
Рахми Галип Видинлиоғлы, Кастамону губернаторы:
1994 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан бұл шара соңғы екі жылда халықаралық сипат алды. Түркі мемлекеттері ұйымы құрылған соң біздің жылдар бойы армандап келе жатқан түркі әлемінің бірлігі жүзеге асты. Дүниенің төрт бұрышынан келген бауырларымыздың Кастамону қаласында қауышуы біз үшін үлкен мақтаныш.
Шарада қазақтың жас өнерпаздары да ән шырқап, би биледі. Ал спортшы Тимур Спатаев темірден түйін түйіп қонақтарды таң қалдырды. Ұйымдастырушылар кейінгі жылдары бұл шараға жастардың қызығушылығы арта түскенін айтады.
Ерсін Гузел, Дүниежүзі түркі жастары қоғамдық ұйымының төрағасы:
«Мен жастарға сенемін» деген қазақта мәшһүр сөз бар. Ататүрік те солай айтқан еді. Ататүріктің айтқанындай жастар жиналды. Жастар бір-бірімен танысты. Осы мәдениеттің бірі болғанын түсінді. Тек қана жалғастырмай, қазіргіден де жоғары деңгейге көтереді деген үмітім бар.
Шара аясында облыс әкімі қатысушыларды марапаттап, сый-сияпаттарын жасады. Үш күнге созылған халықаралық фестивальдің соңы үлкен гала-концертпен және дрондар шеруімен аяқталды.
Айдос Әшім
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы