Ұлыбританияда қылмыстық жолмен келген кірістерін заңдастырғысы келетіндер қатаң жазаланады
Ұлыбританияда қылмыстық жолмен келген кірістерін заңдастырғысы келетіндер қатаң жазаланады. Дәулеттілер байлығының шығу тегін түсіндіре алмаса, заң алдында жауап беруі керек.
Тұманды Альбионда ақшаның ізін жасыру ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндірумен тең. Өйткені лас ақша терроризмді қаржыландыруға жұмсалуы мүмкін. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, шығу тегі беймәлім қаражаттың көлемі жылына 90 млрд фунтқа дейін жетеді екен.
Ұлыбританияда бір күнде банктен есеп шот ашу мүмкін емес. Қаржылық институт жаңа клиентін бір апта көлемінде жіті тексереді. Өйткені оның көлеңкелі ақша айналымына қатысы болмауы керек. Ал егер қаржылық құйтырқы әрекеттері дәлелденсе, «Қылмыстық жолмен келген кіріс» туралы заң талаптары өте қатаң.
Адриан Эйсса, заңгер:
Қылмыс ауыр болған жағдайда айыпталушы 14 жылға дейін сотталуы мүмкін. Оның шоттары бұғатталады және қаражаты тәркіленеді. Айыппұлдың көлемін судья анықтайды.
Өз елінінің қазынасына қол салып, ізін жасырған ұры-қары әдетте Лондонда бас сауғалайды. Мұнда клептократтар ондаған миллион стерлинг фунтына бағаланатын зәулім сарайлар сатып алады. Бірақ тікелей емес, офшорлық компаниялардың көмегімен.
Патрик Бойл, Лондон Король колледжі университетінің профессоры:
«Үлкен үй-жайларға көбіне ресейлік, малайзиялық, нигериялық миллиардерлер иелік етеді» деген пікірлер бар. Бірақ олардың есімдері ешбір жерде ресми айтылмайды. Лондон — лас ақшаның ізін жасырудың әлемдік ортылығына айналғандай.
Өткен жылдың екінші жартысында Ұлыбританияның Салық және кеден комитеті заң талаптарын орындамаған 240 кәсіпорынды анықтап, жауапкершілікке тартты. Оларға барлығы 3 миллионнан астам стерлинг фунты көлемінде айыппұл салынды.
Марина Бекенова
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы