Елімізде ұлттық жоба аясында ауылдық елді мекендерде медицина сапасын жақсарту үшін 700-ге жуық дәрігерлік амбулатория салынатын болады. Соның 27 медициналық нысаны Қызылорда облысында бой көтереді. Осы орайда, Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Тимур Сұлтанғазиев Сыр өңіріне жұмыс сапарымен барып, салада атқарылып жатқан жұмыстарды көзбен көрді.
Соңғы жылдары аймақ медицинасында серпіліс бар. Әсіресе, заман талабына сай емдеу мекемелері көбейіп келеді. Соның бірі, Жалағаш аудандық ауруханасы. Үш қабатты ғимарат 150 төсек орынға лайықталған. Медициналық жабдықтары мен қондырғылары қаладағы ауруханалардан еш кем емес. Бүгінде денсаулығы сыр берген ауыл тұрғындары облыс орталығына қатынамай осында сапалы емін алып жатыр.
Тұраш Естиярова, зейнеткер:
Бәрінен де уақытылы емін алып жатырмын. Өте жақсы қарайды.
Ал Нағи Ілиясов ауылында халық саны өскен. Сондықтан мұнда дәрігерлік амбулатория ғимараты таршылық етеді. Көптің талап-тілегімен биыл елді мекенде жаңа медициналық нысанның құрылысы басталады. Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Тимур Сұлтанғазиев ауыл-аймақты аралап, жергілікті тұрғындармен кездесті. Облыс орталығында тұрғындармен арнайы жиын өткізіп, салаға қатысты жағымды жаңалықтарымен бөлісті.
Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары:
Ұлттық жоба шеңберінде Қызылорда облысының ауылдық елді мекендерінде 27 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісі салынады. Оның ішінде 24 дәрігерлік амбулаториялар.
Алдағы уақытта облыс әкімдігі пен денсаулық сақтау министрлігі бірлесіп ауқымды жобаларды қолға алмақ. Мәселен, алдағы үш жылда облысқа 7 МРТ аппараты алынады. Және аудандық ауруханалардың материалдық базасын жақсартуға 77 медициналық құрал-жабдық әкелу көзделіп отыр.
Әділбек Серікұлы