Мемлекеттік комиссия: 12 томдық құжаттар жинағы дайын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік комиссия: 12 томдық құжаттар жинағы дайын

31.05.2023

Алматы облысы Жаңалық ауылында 5000-ға жуық репрессия құрбаны жерленген. Зерттеушілер өңірде тізімге кірмей қалған әлі де 10 мыңға жуық қуғынға ұшырағандар барын айтады. Ел жадында қара дақ болып қалған саяси қуғын-сүргіннің зардабы әлі жойылған жоқ. Құжаттар мен қолтаңбаларды іздеу жалғасуда. Алаш зиялысы Бейімбет Майлиннің жиен немересі Салтанат Мұстафина жыл сайын музейге келіп, репрессия құрбандарына тәу етеді. Айтуынша, бар арманы аталарының қолжазбаларын табу. Себебі, қайраткердің жары Гүлжамал Мұсабайқызы көз жұмар алдында ұрпағына осыны аманаттап қалдырыпты.

Салтанат Мұстафина, Б.Майлиннің жиен немересі:

Біздің апамызды 1938 жылы сәуірде алып кетеді. 8 жыл КарЛАГ-та отырып келеді. Сол кісі айтатын «мен не балаларыма ие бола алмадым, не Бейімбеттің айтқанын қолжазбаларына, кітаптарына ие бола алмадым» деп жылайтын зарлап. Атамыздың алты қолжазба кітабын тапса бізге үлкен бір арман.

Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметованың әкесі Ахмет Мәметов те репрессия құрбаны. Алашорда қайраткері 1938 жылы ату жазасына кесілген. Туған інісінің балалары жерленген жерін іздегенімен, еш ақпарат таба алмапты.

Кеңес Исанов, М.Мәметованың туысы:

Ташкентте атылды деп. Сондықтан біз іздеген жоқпыз. 2-3 ай бұрын мен әкемнің құжаттарын өткізуге мұнда келгем. Қарасам, стэндте жазулы тұр. Сосын мен жолдасыма айттым. Әй, біздің атамыз мында жатыр ғой, іздейік деп. Архивтен таптық біраз деректерді.

Алматы облысында репрессия құрбандарының ұрпақтары жылда бас қосады. Себебі НКВД түрмесінде атылғандар осы Жаңалық ауылының маңына жасырын жерленген. Әзірге 163 адамның ғана сүйегі табылды. Қалғандарын іздестіру жұмыстары жақын күндері басталады.

Қуан Нұрақын, тілші:

Мына қабырғадағы қара тақтада 4125 адамның аты-жөні жазылған. Дініне, нәсіліне қарамастан барлығы дерлік «Алаш» идеясының жақтаушылары. Бұл тізім әлі де толығады. Себебі Алматы облысы бойынша репрессия құрбаны болған тағы 10 мыңға жуық адам бар.

Қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау бойынша арнайы құрылған мемлекеттік комиссия 12 томдық құжаттар жинағы дайын болғанын айтты. Жинақ күзде жарық көреді деп жоспарланған.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу