Бүгін саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл халқымыздың тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі. Еліміздің түкпір-түкпірінде құрбан болғандардың рухына тағзым ету рәсімі өтіп жатыр. Әсіресе, бүгін Ақмола облысындағы «Алжир» мемориалды-мұражай кешеніне халық көп жиналды.
Азамат Бейбітұлы, тілші:
Мұнда бұрынғы КСРО территориясындағы ГУЛАГ-тың картасы бейнеленген. Қан мен көз жасының ізі бар 11 лагердің атауы жазылған. Соның бірі біз тұрған Алжир. Таңнан бері бұл жерге саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу үшін келіп жатқандар өте көп. Себебі бүгін мұнда жәдігерлердің жаңғырығы мен қобыздың зарлы үні ерекше естіліп, сезілсе керек.
Гүл шоқтарын ұстап, Алжир мемориалды-мұражай кешеніне келіп жатқан жасы мен жасамысы да, қара тас қабырғадан туыстарының есімдерін қарап жүр. Мұндағы әр жазбаның артында талқандалған тағдыр бар. Жанат Түгелбаев туысқан апасының есімін көріп, ерлігін еске алды.
Жанат Түгелбаев, астана қаласының тұрғыны:
Қайсар Таштетов деген жастар комсомол одағының бірінші хатшысының жұбайы болды. Соның зардабын толығымен көрген. 8 жыл отырды. Бірақ сынбады ол кісі. Жоқ менің Қайсарым тазща деп кетті.
Сталиндік жаппай қуғын-сүргін – халқымыздың тарихындағы ең қайғылы кезеңдердің бірі. Қазақстанда 1920-1950 жылдары 100 мыңға жуық адам сотталған, 20 мыңнан астамы ату жазасына кесілді.
Самат Тергенбаев, «Алжир» мемориалды-мұражай кешенінің директоры:
Күйеулерін атып тастап, өздерін халық жауының отбасы ретінде осында әкеліп, балаларын тартып алып, осында азаптаған, көбі өлген, өлгендері осы жерде ортақ бейіт бар сонда жерленген.
Бұл күні жазықсыз жапа шеккен, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған, адамдарды ғана емес, ұжымдастыру жылдары аштықтан көз жұмғандарды да да еске аламыз. 1932-1933 жылдары елде жайлаған ашаршылық салдарынан Қазақстан өте ауыр қасіретке, шығынға ұшырады.
Сабыр Қасымов, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссияның мүшесі:
Орысша «засуха» дейді содан қырылған дейді. олай емес, деректер көрсетеді бірнен бірі Кіші октябрь, халыққа қарсы жасалған шаралар сол себеп болды. Ашаршылық, қуаңшылық. Олар жағдайды онсыз да қиындатып жіберді.
2020 жылғы 24 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша мемлекеттік комиссия құрылды. Негізгі мақсат - тарихтың таразысын тура көрсету.
Марат Өтегенов, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссияның мүшесі:
Комиссияға дейін 300 мың адам ақталған. 60 жылдан бері. Ал комиссия жұмыс істеп жатқалы, міне 3 жылда 370 мың адам ақталған. Мұның өзі үлкен жұмыс екенін білдіреді.
Дегенмен әлі де атқарылар жұмыс өте көп. Сол себепті комиссия бұл бағыттағы еңбекті еселей бермек. Кеңестік кері саясаттың кесіренен құрбан болғандарды еске алып, рухына тағзым етіп, бәрінің аттарын ақтау біздің парыз.
Азамат Бейбітұлы