Еліміздегі жеті әуе компаниясы ұшу қауіпсіздігін сақтамаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздегі жеті әуе компаниясы ұшу қауіпсіздігін сақтамаған

30.05.2023

Еліміздегі жеті әуе компаниясы ұшу қауіпсіздігін сақтамаған. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі оларға сертификат беруден бас тартыпты. Ал ұшып-қону жолағы әбден тозып кеткен Ақтөбе, Шымкент, Петропавл және Талдықорған сынды 7 әуежайдың жолағын пайдалану уақытша тоқтатылды. Үкімет бүгін еліміздегі ірі әуе компанияларының басшыларын жинап алып, билет бағасын қайта қарауды тапсырды. Әуе компанияларының жауабы қандай?

Айя Мүтәлі, тілші:

Әуе рейстерінің кешігуі, билет бағасының қымбаттығы және қызмет көрсетуге көңілі толмайтындардың шағымы бүгін Үкімет деңгейінде қаралды. Әлихан Смайылов «авиацияға қатысты халықтың талабы орынды» деп отыр. Оның сөзінше, бүгінде әуе компаниялары жолаушылардың мүддесінен бұрын табысты арттыруды бірінші орынға қойған.

Себебі Еуропада, АҚШ-та, Қытайда, Астана мен Алматының арақашықтығындай жерге ұшу екі есе арзан. Ал еліміздің әуе компанияларының жолаушыларға қызмет көрсетуі, олармен тілдесу мәдениеті төмен.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Рейстердің кешігу себептерін уақтылы түсіндірмейді. Лайықты сервис ұсынылмайды. Жанармай шығындарын өтеуге жұмсалатын отын алымы логика бойынша авиаотын бағасының өзгеруіне байланысты болуы тиіс. Алайда ол билет бағасында өзгеріссіз, бір деңгейде қалып отыр.

«Scat» әуе компаниясының президенті рейстердің кешігуін жолаушылардың өзінен көрді. Олар көбіне ұшуға тақалған уақытта рейстен бас тартып, қызметкерлердің уақытын алады. Бұдан бөлек, ұшақтың қозғалтқышын құстар зақымдайды. Тағы бір себеп – ауа-райының қолайсыздығы.

Владимир Денисов, «SCAT» әуе компаниясының президенті:

Бір жолаушы аяқ астынан рейстен түсемін деп айтуы мүмкін. Сосын біз оның жүгін борттан 1 жарым сағат іздейміз. Рейске кешігіп келетін жолаушылар бар. Тағы біреуі тіркеуден өтуін өтіп, ұшаққа мінуге асықпайды. Оны да күткен, рейс, әрине, кешігеді.

Ал министрлік әуе билетінің қазіргі бағасы әділетті деп отыр. Себебі оны белгілеп отырған мемлекет емес, нарық. Бағаны төмендету үшін бәсекені арттыру қажет.

Талғат Ластаев, ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы:

Билет бағасын мемлекет белгілемейді. Халықаралық тәжірибе бойынша билеттер құны сұранысқа сай анықталады. Бүкіл әлемде қолданылатын тәжірибеге сай, сұраныс өскен уақытта баға да өседі.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, бәсекелестік болуы үшін «FlyArystan» мен «Air Astana»-ны бөлуді ұсынған болатын. Алайда дәл осы екі компанияны басқарып отырған Питер Фостер мұның арты билет бағасының одан әрі қымбаттауына әкелетінін жеткізді.

Питер Фостер, «Air Astana» әуе компаниясының президенті:

Егер екі кәсіпорынды бөлетін болсақ, тарифтер өсуі мүмкін. Бұған қазіргі уақытта Air Astana компаниясының қызметтері мен ресурстары бойынша лоукостер пайдаланатын синергия себеп. Егер екі компания бөлінсе және бұл синергия жоғалса, онда баға арзандамайды, керісінше, өседі.

Айя Мүтәлі, тілші:

Бұдан бөлек әуежайдың маңынан заңсыз алынған 1200-ден астам жер учаскесін мемлекетке қайтару тапсырылды. Бүгінде рұқсат етілмеген жерде 100 мыңнан астам нысан салынған. Ал мұндай заңсыз құрылыстың көбі Алматы, Шымкент, Атырау және Ақтөбе әуежайларының маңында жүргізілген.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу