Елімізде екі күнде 75 жол апатынан отызға жуық адам қаза тапты. Жантүршігерлік жағдайдың көбі үлкен тас жолдың бойында болған. Соның ішінде төрт ірі жол-көлік оқиғасы шетелде тіркелген заңсыз тасымалдаумен айналысып келгендердің кесірінен орын алып отыр. Әріптесім Әйгерім Ердәулет жолаушылар мен көлік жүргізушілері қатаң ескеруі керек сақтықтық шараларын мамандардан сұрап білді.
Әйгерім Ердәулет, тілші:
Екі күнде 27 адамның өмірі қиылған апаттың көбі Жамбыл, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында болған. Мәселен, Маңғыстаудағы жантүршігерлік жайт автокөліктің техникалық ақауынан, ал Атырауда көлік жүргізушісінің көзі ілініп кеткенінен болған. Сақтандыру омбудсмендері көлікке отырмас бұрын, оның заңды жұмыс істейтіне көз жеткізіңіз дейді. Полиция да тексеріс кезінде жүргізушілер мұндай жайттарды жасырып, жолаушыларды туыстарым деп жалған сөйлейді дейді.
Ал бұл жаға ұстатарлық жағдай Алматының Наурызбай ауданында болды. Жүргізуші жүгіріп келе жатқан баланы көлікпен ұшырып жіберп, артынан ойын алаңын қиратқан. Ата-анасы арызданбаса да, полиция әкімшілік іс қозғады. Егер сот-медициналық сараптамасы баланың жағдайын ауыр деп тапса, онда қылмыстық жауапқа тартылады. Қазір қыз бала ауруханада жатыр. Сақтандыру омбудсмендері жазда статистика бұдан көп болады деп топшылап отыр. Өйткені, жолда баладан бөлек ытқып шығатын самокаттардың саны еселенеді. Айта кетейін, былтырдан бері автокөлікпен болған жол апаты 3300-ден асады. Ал мопедтің қатысуымен 750, самокатпен 44, ал велосипедпен 98 оқыс оқиға тіркелген.
Әйгерім Ердәулет