Әлем назары қазір Анадолы елінде. Түркияда Президент сайлауының екінші кезеңі өтетін болды. Ертеңнен бастап ең көп дауыс жинаған екі кандидат екі апталық үгіт-насихат жұмыстарына кіріседі. Өйткені бірінші турда үш кандидаттың ешқайсы да, елу пайыздық межені аса алмады. Бұл туралы Түркияның Жоғарғы сайлау комитеті хабарлады. Бауырлас елдегі саяси науқан туралы Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлынан білейік.
Жергілікті уақытпен кеше кешкі бесте басталған дауыс санау процесі бүгін кешке бірақ аяқталды. 60 млн-ға жуық дауыс берушінің 27 млннан астамы қазіргі Президент Режеп Тайып Ердоғанға, ал 25 млнға жуық адам оппозициялық блоктың үміткері Кемал Кылычтароғлына дауыс берген. Ал 2 млн 800 мыңнан аса сайлаушы үшінші кандидат Синан Оғанға таңдау жасапты. Осылайша сайлаудан бұрын бірқатар сарапшылар болжағандай жеңімпаз тек екінші турда анықталады.
Ахмет Йенер, Түркия жоғарғы сайлау комитетінің төрағасы:
Түркиядағы 60 млннан аса дауыс берушінің сайлауға 88,9 пайызы қатысты. Сайлау туралы заңнамаға сәйкес, кандидаттардың ешқайсысы 50 пайыздық межеден аспағаны үшін ең көп дауыс жинаған екі үміткер үшін 28 мамыр жексенбі күні Президенттік сайлаудың екінші туры өтеді. Бұған дейінгі тізім бойынша бірінші кандидат Режеп Тайып Ердоған, екінші кандидат Кемал Кылычтароғлы. Бүгіннен бастап кандидаттар үгіт-насихат жұмыстарын бастайды.
Соңғы сәтке дейін негізгі қарсылас қос тараптың да қолдаушылары жеңістеріне сенімді болды. Тіпті түнде әлі нақты қорытынды белгілі болмай тұрып кей жерлерде үміткерлердің қолдаушылары жеңістерін тойлай бастады. Түнде екі кандидат та дауыс берушілердің алдына шығып, қолдағандары үшін алғыстарын білдірді.
Режеп Тайип Ердоған, Түркия Президенті:
Егер халқымыздың шешімі Президенттік сайлаудың екінші турға қалуы болса біз оған да разымыз. Елу пайыздан артық дауыс жинап ол кезеңде де жеңіске жететінімізге сенімдімін. Қай үміткерді қолдаса да осы саяси науқанды демократиялық талаптарға сай өткерген 56 млн дауыс берушіге алғысымды білдіремін.
Кемал Кылычтароғлы, Түркия Президенттігіне үміткер:
Мәліметтер әлі де сайлау комитетіне түсіп жатыр. Егер халық екінші тур өтсін десе, оған қарсы емеспіз. Бұл сайлаудың екінші турында біз міндетті түрде жеңеміз. Мұны барлығы да көреді.
Ал парламенттік сайлауда басым дауысқа биліктегі Әділет және даму партиясы қол жеткізді. Соңғы мәліметке сай 600 орындық Ұлттық мәжілісте 317 орын билік коалициясындағы АК партия мен Ұлтшылдар партиясына, 274 орын оппозициялық блокқа, қалғаны өзге партияларға тиесілі болды.
Айдос Әшімұлы, тілші:
Әлемдік геосаясаттағы белді ойыншылардың біріне айналған Түркиядағы сайлаудың нәтижесі экономикалық жағдайға да әсер етері сөзсіз. Сайлаудан кейін ашылған қор биржасында түрік лирасының өткен айға қарағанда құнсыздана түскені байқалды. Қазір Ыстамбулдағы валюта айырбастау орындарында бір доллар 20 лирадан сатылып жатыр.
Айдос Әшімұлы