АҚШ-қа дефолт қаупі төніп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-қа дефолт қаупі төніп тұр

14.05.2023

Джо Байденнің де саяси белсенділігі артып жатыр. Ақ үй басшысы осы аптада «АҚШ-та дефолт болса, бүкіл әлемге қиын болады» деп мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, дефолттан ел экономикасы рецессияға түсіп, Вашингтонның беделіне нұқсан келеді. Байден осы дағдарысқа қарсыласы саналатын Республика партиясын айыптайтынын айтты. Ал сол партия мүшесі, экс-президент Дональд Трамп Конгресте отырған жақтастарын дефолт жасауға үндеді.Биыл қаңтарда АҚШ-тың мемлекеттік қарызы шегінен шығып, 31 трлн доллардан асты. Өткен айда республикашылардың қадағалауындағы Конгрестің төменгі палатасы мемлекеттік қарыз шегін тағы 1,5 трлн долларға көтеріп, бюджеттің шығындарын азайту туралы заң жобасын қабылдаған. Алайда демократтар басқарып отырған Сенат оны мақұлдамай қойды. Егер республикашылар мен демократтар бір мәмілеге келе алмаса, 1 маусымда дефолт жариялануы мүмкін екенін Құрама штаттардың Қаржы министрі бірнеше рет ескертті.

Думан Жекенов, Әл-Фараби ат. ҚазҰУ Халықаралық қатынастар факультетінің деканы:

Белгілі бір президенттің мерзімі бітіп, саяси партиялардың ортасында бір бәсекелестік пайда болған кезде, біріне бірі даулы мәселені көтеру үшін соңғы 30-40 жылда пайдаланылып келе жатқан саяси әдіс-тәсілдердің бірі. Бұны соңғы кезде жүріп жатқан ақпараттардан бір экономикалық астар іздеп, әлемнің экономикасына бір зиян келеді екен-ау деп ойлайтындай емес. Әлем экономикасы Американың дефолтына қарағанда, Ресей-Украина соғысынан болып жатқан экономикалық кризистерден көбірек зардап шегуде.

Қайрат Беков, Әл-Фараби ат. ҚазҰУ Халықаралық қатынастар факультетінің деканы:

Ол Қазақстан экономикасына және Қазақстан азаматтарына үлкен соққы болмайды. Өйткені ақыр аяғында бәрібір АҚШ атқарушы билігі мен заң шығарушы билігі дефолт мәселесін бәрібір шеше алады. Өйткені соңғы 40 жылда бұл мәселеде, яғни АҚШ-тың қарызының жоғарғы деңгейін көтеру 45 рет жасалған болатын. Сондықтан биыл да сол жағдай қайталанады. Дефолт мәселесі АҚШ долларының курсына елеулі әсер ете қоймас. Әсер еткен күннің өзінде, ең негативті сценарийдің өзінде ол шектеулі және уақытша әсері.

Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу