Мемлекеттік білім беру грантына арналған Ұлттық біріңғай тестілеу 16 мамырда басталады. Білім сынағы 5 шілдеге дейін жалғасады. Ниет білдірушілерге тест тапсыруға екі рет мүмкіндік беріледі. Ал құжат қабылдау ертең аяқталады. Биылғы ҰБТ-да бірқатар өзгерістер енген.
Асылбек Данияр, тілші:
Биылғы тестілеу форматында өзгерістер жоқ. Бұрынғыдай үш міндетті және екі бейіндік пән бар. Тест тапсырмасының жалпы саны: 120 сұрақ.
«Қазақстан тарихы» және «Оқу сауаттылығы» пәндері бойынша тест тапсырмаларының санына өзгерістер енгізілді. Енді «Қазақстан тарихының» бір нұсқасында 20 тапсырма болады. Сондай-ақ, бұған дейін талапкерлерге оқу сауаттылығынан 20 тест тапсырмасы берілсе, енді 3 мәтін бойынша 15 сұрақ ұсынылады. Қалғанында өзгеріс жоқ: математикалық сауаттылық – 15 және екі бейіндік пән бойынша 35 тест тапсырмасы беріледі. Ең жоғары ұпай – 140. Тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат.
ҰБТ тапсырмаларының құрылымында да өзгерістер бар. Министрлік жауап нұсқаларын қысқарту туралы шешім қабылдады. Бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны 5-тен 4-ке дейін, бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тест нұсқалары 8-ден 6-ға дейін азайды.
Осы тестілеуден бастап «Информатика» пәні бейіндік пәндер комбинациясының тізіміне енді. Осыған байланысты «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» мамандығына түсушілер «Математика-Информатика» комбинациясы бойынша ҰБТ тапсырады.
Биылғы бөлінген гранттар саны - 88 мыңнан асады, оның ішінде - 73 мыңы бакалавриатқа, 13 мыңы магистратураға, 1890 докторантураға бөлінген.
Шекті баллда өзгеріс жоқ. Тестілеуге қатысу үшін Ұлттық тестілеу орталығының сайты арқылы ертеңге дейін тіркелуге болады.
Асылбек Данияр