Алматыда қазақ халқының әдебиеті мен мәдениетіне ерекше үлес қосқан Шора, Болат және Талғат Сарыбаевтардың құрметіне мемориалдық тақта ашылды. Шарада ғалымдар Шора Сарыбаевтың еңбегін әлі де зерттеп, көпшілікке кеңінен насихаттау керек екенін айтты. Алматының тарихи орталығындағы бұл үйде 1962 жылдан бері Сарыбаевтар әулетінен шыққан ғылым мен мәдениет қайраткерлері тұрды. Шарада қала басшысы Шора, Болат және Талғат Сарыбаевтардың құрметіне мемориалдық тақтаның ашылуы Алматы үшін маңызды мәдени оқиға екенін жеткізді.
Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:
Әрбіреуі өз артынан баға жетпес рухани мұра қалдырды. Ардақты тұлғалар өмір сүрген үйдің қабырғасына ескерткіш тақтаны орнату құрмет пен тағзым белгісі бәрімізге.
60 жылға жуық уақытын қазақ тіл білімін зерттеуге арнаған Шора Шамғалиұлы 300-ге жуық ғылыми мақала мен 20-дан астам монографиялық еңбек жазған.
Құралай Күдерина, филология ғылымының докторы, профессор:
Осы 29-38 жылдар арасында Қазақстанда 3 мыңдай кітап шыққан латын жазуында. Бәрі кирилл қарпіне ауыстырылған жоқ. Біреуі осы «Күнделік керектер». Кітапты кирилл қарпіне ауыстырып, бүгінгі оқырманға ұсыну керек деп ойлаймыз.
Дәл осы «Күнделік керек» кітабын Сарыбаевтар әулеті жаңа латын қарпімен басып шығармақ. Ал ұлттық аспаптың бай мұрасын сақтап келген Болат Сарыбаевтың коллекциясын Ұлттық музейден көруге болады. Қазақтың «Маусымжан», «Бір бала» сияқты халық әнін әрлеген Талғат Сарыбаевтың туындылары әлі күнге өміршең.
Қайрат Сарыбай, Шора Сарыбаевтың ұлы:
Міне, бүгін қазақ тілінің көсегесі көркейіп отыр. Бұл тәуелсіздіктің арқасы. Әрине, Алаш арыстарымен бірге қазақ тілі, қазақ мәдениеті, қазақ болмысы үшін күрескен арғы аталарымыз бүгін бір аунап жатқан болса керек.
Сарыбаевтар әулеті тұрған үйде алдағы уақытта қазақ руханиятын зерттейтін «Шамшырақ» қоры құрылып, жұмыс істемек.
Әйгерім Ердәулет