Еуропадағы байырғы қазақстандықтар алғыс айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропадағы байырғы қазақстандықтар алғыс айтты

29.04.2023

«Қазақстан – әлемдегі жұмақ, ел халқының мейірімі сарқылмас бұлақ». Еуропада тұратын байырғы қазақстандық ингуштар мен гректер осылай дейді. Кезінде солақай саясаттың кесірінен бәрі бір түнде елдерінен күштеп аластатылды. Алыс жолдан арып-ашып жеткен жұртты Қазақстан халқы бауырына басып, қолдан келген көмегін көрсетті. «Қазақтың сол жақсылығын ешқашан ұмытпаймыз» деген ингуш, грек ұлтының өкілдері мерекені пайдаланып, қазақ еліне, халқына алғыстарын білдіруде.

«Ұлтаралық татулық пен толеранттылық Қазақстандағы тұрақтылық пен дамудың басты кепілі». 65 жастағы Магомед Тумгоев осылай дейді. Ол Зерендіде туып-өсіп, кейін тарихи Отаны Ингушетияға оралады. Осыдан 10 жыл бұрын Бельгияға қоныс аударыпты. Бірақ, жас ұлғайған сайын Қазақстанға деген сағынышы арта түскенін айтады.

Магомед Тумгоев, Льеж қаласының тұрғыны:

Қазақстан – менің Отаным. Соңғы кездері Қазақстанға қайта оралып, қалған өмірімді сонда өткізгім келіп жүр. Онда ешбір ұлтты алалаушылық жоқ. Бәрі тату. Ұлттар достықты сақтап, бейбітшіліктің қадірін біліп, Тәуелсіздікті көздің қарашығындай қорғағуа міндетті.

Дүрбелең кезеңде бір үзім нанын бөліскен қазақ халқының қонақжайлығын Афинадағы байырғы қазақстандық гректер де ұмытпайды. Жергілікті жұрт «қазақтар» деп атап кеткен жерлестеріміз бүгінде Афинада «Астана» дүкенін, қазақ мейрамханасын ашып, Қазақстанды көпшілікке танытуға күш салып жүр.

Лазарь Сопилиди, Афина қаласының тұрғыны:

Қазақ халқы бізді кезінде құшақ жайып қарсы алды. Әжем айтып отыратын, қазақтар бізді алдымен өз үйінде тұрғызып, бар дәмді-тәттісін берді. Кейін, жер бөліп, үй тұрғызуға көмектесті деп. Бұл жақсылықты біз ешқашан ұмытпаймыз. Қазақстанда туғанымды мақтан етемін.

«Аштықта жеген құйқаның дәмі аузыңнан кетпейді» деген гректер мен ингуштар қиын-қыстау заманда қазақтан көрген жақсылығын айтудан жалықпайды. Қазақ халқының рухани қаһармандығына құрмет ретінде Афинадағы байырғы қазақстандықтар «Рахмет, Қазақстан» әнін шығарыпты.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу