Еуропадағы қазақстандықтар сайлауға белсене қатысып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропадағы қазақстандықтар сайлауға белсене қатысып жатыр

19.03.2023

Еуропадағы қазақстандықтар да сайлауға белсене қатысып жатыр. Қарт құрлықтың астанасы, Бельгияның бас қаласы Брюссельде бүгін 200-ден астам отандасымыз дауыс береді. Сайлау учаскесі Брюссель қаласындағы Қазақстан елшілігінің ғимаратында орналасқан. 

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Бельгиядағы отандастарымыздың көңіл-күйі көтеріңкі. Өйткені, әдетте жаңбырдан жер құрғамай, үнемі түнеріп тұратын Брюссельдің аспаны да бүгін шайдай ашық. Қазақстандықтар сайлау учаскесі ашылған таңғы сағат 07:00-ден бастап белсенділік танытуда. Брюссельде, елдің басқа да қалаларында оқу, жұмыс бабымен тұрып жатқандар, іссапарда жүрген жерлестеріміз өз таңдауын жасап жатыр. Ұлттық мұрамызды жаһанға паш етіп жүрген жыршы Ұлжан Байбосыноваға да бүгін Брюссельде дауыс беру бұйырыпты.

Ұлжан Байбосынова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жыршы:

Осындай әдемі, тамаша күні мен Бельгияда «Бозар» көркемөнер сарайында концерт беремін. Соған дәлме-дәл сәйкес келді. Өзімнің азаматтық парызым ретінде сол концерттің қарсаңында елшілігімізге келіп, дауысымды бердім. Тарихи күн баршамызға құтты болсын!

Бельгиядағы Қазақстан елшілігінде орналасқан 241-ші сайлау учаскесінде бүгін 200-ге жуық Қазақстан азаматы дауыс беруге тіркелген. Мұнда сайлау партиялық тізім бойынша жүріп жатыр. 

Аида Әбіл, тілші:

Бүгінгі сайлаудың сәні - ұлттық киім. Польша астанасы Варшава қаласында ашылған нөмірі 271 сайлау учаскесінде қазір түс кезі, екі елдің уақыт айырмашылығы 5 сағат. Бала-шағасымен келіп жатқан жанұялар көп. Польшада мыңға жуық қазақстандық студенттеріміз білімін жетілдіріп жүр, бүгін әсіресе жастар жағы белсенді. Әскери қарым-қатынас саласында оқып жүрген Талғат Сейтқожин бүгінгі сайлауға ұлттық киіммен келуді жөн көріпті. Варшава қаласындағы нөмірі 271 сайлау учаскесінің төрағасы Данияр Сейдәлиевтің ақпараты бойынша, алдын-ала тіркелген азаматтардың көп бөлігі дауыс беріп үлгерген. Өрескел заң бұзушылықтар тіркелген жоқ.

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу