Қазақстан жасанды интеллектке дайын ба? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан жасанды интеллектке дайын ба?

28.04.2023

Отандық медиа нарықтағы біраз адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Бұған себеп - әлемді шулатқан GPT чаты. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан қазақ тілді контент жасаушылардың форумында айтылды. Қазақ тілінде ақпарат беріп, фильм түсіріп, блог жүргізіп жүргендерді алаңдататын мәселе аз емес. Бірі қазақша контентке қызығушылық төмен, демеушілер жоқтың қасы десе, енді бірі өнім сапалы болса, сұраныс әрдайым жоғары болады дейді. Тағы бірі интернет арқылы табыс тауып жүргендерді салық төлеуге міндеттеуді ұсынды.

Фахруз Тоқтасынов, коммерциялық директоры:

Қазір Ресейде салық төлемеген блогерлерді ұстап, жауапқа тартып жатыр. Біздің блогерлер де соған келуі керек. Қазір бірге жұмыс істейтін блогерлерге соны міндеттеп жатырмыз.

Ал медианарықты бүгінде алаңдатып жүрген ең үлкен мәселе - GPT чаты. Бірер секундтың ішінде түрлі сұраққа жауап беріп, бір жылдық оқу бағдарламасын, тіпті диплом жұмысын жазып беретін жасанды интеллект жуырда біршама бұқаралық ақпарат өкілдерін жұмыссыз қалдырады дейді сарапшылар.

Абай Серғазиев, компания директоры:

Әлемнің тез өсіп жатқаны қуантады. Екінші жағынан қорқынышты. Өйткені бұл бізге көрсетіп жатқандары 2018 жылдары дайын болған. Содан бері 5 жыл өтті. Неге бұны тез ендіріп жатқан жоқ? Әлем бірден өзгеріп кетуге дайын емес. Көп адамдар жұмыссыз қалады.

Алайда мемлекеттік тілдің функциясы интернетке енді ғана бейімделіп жатқандықтан әрі сөздік қордың молдығынан қазақша контент жасаушыларға әзірге алаңдайтын негіз жоқ дейді. Қазақ тілінің болашағы туралы АҚШ-тың елшісі жасанды интеллектің өзінен қызығып сұрапты. Ақпараттық жүйе отандық өнім ерекше, креативтілігі жоғары деп жауап берген.

Дэниэл Розенблюм, Қазақстандағы АҚШ елшісі:

«Қазақ медиасы жаңа трендтер мен жасанды интеллектке дайын ба?» деп сұрауды жөн көрдім. Ал, жасанды интеллект болса, маған «Әрине, сөзсіз дайын!» деп жауап берді.

Ал Ақпарат министрлігі TikTok және Facebook секілді желілерді қазақшалауға ден қойған.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

TikTok өз интерфейсін қазақшалады. Басқа да алпауыт компаниялар қазақ тілінде интерфейсін жасауға өкілдерін ашуға біз талап етіп отырмыз.

Айя Мүтәлі, тілші:

Қазақстандағы жасанды интеллектің тағы бір жетістігі енді мұнай өңдеу, кен өндіру секілді өндіріс ошақтары қызметкерді жұмысқа алар кезде оның қауіпті жағдайда қалай әрекет ететінін алдын-ала тексеріп ала алады. Ол үшін өнеркәсіптің ішін түгел қамтыған 3D форматындағы бейнені көруге көзілдірік, ал оттың жалынын, желді, апаттық жағдайда төгілген сұйықтықты да денеде сезінуге арналған мынандай костюм кигізеді. Осылайша өзінің біліктілігін көрсете алмаған қызметкерді анықтап, жазатайым жағдайлардың алдын-алып отырады. Бұл жүйені бүгінде темір жол саласы мен өзге де ұлттық компаниялар енгізіп үлгерген.

Айя Мүтәлі


Хабарламаларға жазылу