Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданындағы Үйдене су қоймасы 2018 жылы апатты деп танылған. Соден бері қажетті мөлшердегі су жиналмайды. Ал оның кесірінен етектегі шаруалар егістіктің көлемін азайтуға мәжбүр. Стратегиялық нысанның қазіргі жағдайын тілшіміз Олжас Керейхан көріп келді.
Олжас Керейхан, тілші:
Салынғанына 60 жыл болған бұл бөгетке 76 миллион текше метр су сыяды. Ал анау менің ту сыртымдағы екі шүмектің бірін ашқанда, одан секундына 12 текше метр су ағады. Яғни Зайсан халқы осы бөгеттен тіршілік нәрін татып отыр.
Қазір бұл су қоймасына 45 миллион текше метр су жинауға рұқсат.Алайда соңғы жылдары оның өзі жиналмайды. Судың тапшылығынан етектегі ел егін сала алмай отыр.
Қайырбек Ғайсин, Қарабұлақ ауылының тұрғыны:
Жерге егуін егеді, бірақ шаруа қожалықтары толық өнімді ала алмай жатыр.
Зайсан ауданында жалпы 28 мың гектар егістік жер болса, оның 90 пайызы суармалы алқап.
Сабыр Әндірбаев, Зайсан аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
Су тапшылығына байланысты егін егудің көлемін азайтып келе жатырмыз. Өйткені 2016 жылдан бері міне құрғақшылық болып жатыр.
Үйдене су қоймасы екі таудың ортасындағы құз жартасты көлбеп салған. Құрылымы да ерекше нысан. Бөгеттің астындағы туннелде ұзындығы 340 метр болатын екі құбыр бар. Стратегиялық нысандағы суды реттейтін құрылғының бәрі тозып тұр.
Бақытжан Наққазин, Үйдене су қоймасының директоры:
Бұл құрылғылар - 1966 жылдан бері пайдаланып келе жатқан құралдар. Қақпалар тозған. Болттары бәрі шіріп тот басқан.
Жоғарғы жақтан Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров келіп көрді. Сол кезде шаруалар министрге мәселені төтесінен қойған.
Еркебұлан Зағыпаров, Зайсан аудандық маслихатының төрағасы:
Мұны облыс әкімі министрлікке сілтеп, министрлік басқаға сілтеп, қағазбастылықпен уақытты создыру керек жоқ. Бұл айтылып, қозғалып, әбден жоғарыға да жететін болды. Жауыр болатын мәселе болды.
Жауыр болған мәселе екенін ұлық та халық та біледі. Бірақ жөндеу жұмысына қаржы бөліне ме, жоқ па, оны ешкім айта алмайды. Ал облыста «Қазсушар» мекемесінің қарамағында 116 нысан болса, олардың 90 пайызы ескі. «Үйдене» сияқты үш су қоймасы тағы үрей тудырып тұр.
Олжас Керейхан