Боранда жолда қалғандар құтқарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Боранда жолда қалғандар құтқарылды

15.04.2023

Еліміздің бірқатар облысында күн күрт суып, қарлы бұрқасын болды. Соның салдарынан жолдар жабылып, көлік қозғалысына шектеу қойылды. Қар құрсауында қалғандар да бар. Құтқарушылар күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Өңірлердегі ахуалды әріптесім Ұмсындық Наурызбаева баяндайды.

Ақмола облысында ауа-райының күрт бұзылуына байланысты кешеден бері бірнеше бағыттағы жол жабылды. Дегенмен, трассада 800-ге жуық көлік қалып қойған. Жол-патрульдік полиция қызметкерлері оларды 5 автоколоннаға бөліп, діттеген жерлеріне жетуге көмектесті. Облыстағы құтқарушылар мен жол қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

Нияз Садықов «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалдың бас маманы:
60-тан астам техника және 100-ден аса жұмысшы жұмылдырылды. Көктайғаққа қарсы жұмыстар жүргіздік. 200 тоннадан астам құм себілді және қар тазаланды.

Павлодар облысының Шарбақты ауылында қатты боран аурухананың шатырын ұшырып әкетті. Зардап шеккендер жоқ. Бұл аймақта да ауа райының қолайсыздығынан жолдар жабылған.

Ал Қарағанды облысында жаңбыр аралас қар жауып, жер көктайғаққа айналды. Сол себепті көлік қозғалысына шектеу қойылды.

Оралда қар аралас жаңбыр мен күшті желдің салдарынан ағаш құлап, жеңіл көлікті басып қалды. Абырой болғанда, иесі дін-аман. Көлігін қойып, шаруасымен кеткен. Ол «темір тұлпарын» несиеге алғанын, коммуналдық шаруашылық мекемесіне шағым беретінін айтты. Сондай-ақ, Бөрлі ауданының Ақсай қаласында да қар жауып, тұрғындарды әбігерге салды.

Ұмсындық Наурызбаева


Хабарламаларға жазылу