Қарағанды облысында тұрғындар радиация зардабын тартып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында тұрғындар радиация зардабын тартып отыр

13.04.2023

Қарағанды облысындағы Ақшатау кентінде радон мөлшері қалыпты жағдайдан 2-3 есе көбейген. Жұрт радиоактивті химиялық элементтің зардабын көп жылдан бері тартып келеді. Тіпті, радиация кесірінен мектептің бірінші қабаты да бос тұр. Шет ауданындағы ескі шахта маңында орналасқан ауылдың қазіргі жағдайын әріптесім Руслан Нұрланұлы көріп келді.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Бұл Ақшатау кентіндегі жалпы білім беретін мектептің жертөлесі. Мамандар 90-шы жылдардың басында бұл жерде зерттеу жүргізіп радон мөлшері көп екенін анықтаған. Содан бері жылына екі мәрте сынама алынып тұрады.

Санитарлық-эпидемиолог мамандар мектептің бірінші қабатында сабақ өткізбеуді ұсынған. Сондықтан қазір біраз кабинет жабық тұр. Әсіресе қыста есік-терезе мен желдетіштер жабылғанда улы газ мөлшері тым көбейіп кетеді екен. Биыл радиацияның алдын-алу жұмыстары басталады.

Гүлнәр Әжікеева, Ш.Уәлиханов атындағы мектеп директоры:

Астына желдеткіш қояды, Кент бойынша рекультивация жасайды ғой. Бізде сол бірінші этаждағы едендер алынып, 60 сантиметр қалыдықпен бетон құйылады. Енді 40 миллионнан астам осы желдеткішке бөлініп жатыр, одан кейін 150 миллион теңгеден астам қаражат облыс бюджетінен бөлініп, бізге күрделі жөндеу жасалады.

2012 жылы шахтаға жақын 18 үй Ақадаыр кенті мен Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлыға көшірілген. Ал тұрғындардың кейбірі қоныс аударуға қарсы болған.

Самат Жанпейісов, Ақшатау кентінің тұрғыны:

Бұл жердің радиациясы көп. Енді қаншама тұрғын бар осы Ақшатаудың Ата-бабалары осында жатыр, кемпір мен шалдар қалғаны көбі. Мал-жайы бар. Бәрін тастап қайда барады.

Ақшатау кентінде 60 жыл вольфрам мен молибден өндірілген. Кейінгі уақытта кен шахталық әдіспен алынған. Жерасты тиктоникалық жарықтардан ауаға радон тараған. Бұл өте қауіпті радиоактивті химиялық элемент. 1997 жылы жабылған шахта аумағындағы қалдықты қайта өңдеуге инвесторлар тарапынан қызығушылық бар.

Қуандық Омарбай, Ақшатау кентінің әкімі:

2016 жылы инвесторлар келіп осы жерге жұмыс жасамақшы болған кезде оларға сондай меморандум жасасақ, радиация көп шоғырланған бес пәтер бар өзі, сол бес үйді Ақшатаудың басқа таза жеріне қарай көшіру, үй салып беру деген мәселе қозғалған. Бірақ қазір әзір жұмыс басталған жоқ.

Мамандар кентте соңғы рет 2022 жылдың шілде айында сынама алған. Айтуларынша, тұрғын үйлер мен ғимараттарда радон мөлшері 200, ал далада 100 беккерелден аспауы тиіс.

Айгүл Шәтекова, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми өкілі:

Жүргізілген дозиметриялық өлшемдер нәтижесін қарастыратын болсақ, жаңағы кенттің аумағында және кенттегі Шоқан Уәлиханов атындағы мектепте радон өлшемдерінің 2-3 есе жоғарылағаны анықталды. Соған байланысты мектептің ішінде оқушыларды радон көрсеткіштері жоғары бірінші қабаттан екінші қабатқа көшіру туралы ұсыныстар берілді.

Кентте қазір 700-ден астам тұрғын бар. Радиация салдарынан қатерлі ісік, өзге де аурулар белең алады. Сондықтан ауа мен су үнемі бақылауда ұсталуы тиіс. Одан тыс шахта аумағын оқшаулап, үйлер мен ғимараттарды залалсыздандыру, тұрғындардың денсаулығына баса көңіл бөлу қажет дейді мамандар.

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу