Ақтөбелік шаруалар су тапшылығының зардабын тартып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбелік шаруалар су тапшылығының зардабын тартып отыр

03.09.2020

Ақтөбе облысының шаруалары су тапшылығының зардабын тартып отыр. Әсіресе, бау-бақша өсірумен айналысатындар үшін бұл үлкен мәселеге айналды. Тіпті кейбір шаруашылықтарда ылғалдың жетіспеушілігінен өнімнің үштен бірі жарамсыз күйге түскен. 

Жақсыбек Кемал, тілші:

- Бұл шаруашылық 30 гектар жерге бақша өнімдерін еккен. Су тапшылығынан қожалық иесі оның үштен бірін қараусыз тастап кетуге мәжбүр болды. Міне, өздеріңіз көріп тұрсыздар, бұл аумақта тіпті мал жайылып жүр.

Данияр Алманов бақша дақылдарын өсірумен он жылданбері айналысады. Алайда, соңғы 3 жыл бойы судың жетіспеушілігінен ойдағыдай өнім ала алмай келеді. Алқапқа іргелес жатқан Жаман Қарғалы өзенінің суы тартылып кеткен. Ал, ұңғыма қазып алуға қыруар қаржы керек.

Данияр Алманов, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Судың тапшылығы қиын болып тұр. Бақшаға су жетпей жатыр. 

 Өңірде су тапшылығын тартып отырған қожалықтар аз емес. Алқаптағы қауын мен қарбыздың да көбі шіріп кеткен. Қазір шаруалар аман қалған өнімді жинап, сауда орындарына жіберіп жатыр.

Елтай Төреханов, шаруа:

- Су жағынан проблема, биыл аз болды. Өнімнің 40 пайызы дұрыс болмады.

Ал, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері су тапшылығын жекелеген шаруалар ғана көріп отыр, оны шешуге болады дейді. Қазір10 мың гектар суармалы алқапты қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Ал, заманауи суару жүйесін қондыруға ниетті шаруаларға 50 пайыз субсидия беріледі. 

Құсайын Сәрсембай, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Судың жетпеуі техногендік характер. Ол қардың, жаңбырдың аздығынан болып тұр. 

Мемлекет басшысы жолдауында ауыл шаруашылығы мақсатындағы суды үнемді пайдалану қажеттігін айтты. Әзірге облыстағы 41 мың гектар алқаптың тек 570 гектарында тамшылатып суару әдісі қолданылады.  

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу