Ағартушы педагог – агроном да бола алады. Жамбылда мектеп мұғалімі тропикалық жеміс ағаштарын өсіре бастады. Ізденісімен елді сүйсіндірген Салтанат Қыдырбаева бананнан бастап ананас, анар, лимон, мандарин мен лайм көшеттерін баптап, өсіруде. Мұндағы банан ағашы 3 жылдық өскін. Ал ананас ағашын өсіруді 5 жылдан бері зерттеп, түрлі әдістерін жасап көріпті. Биыл ғана жеміс салатын гүлі күлтеленіп, түйін салған.
Масаншы ауылындағы бастауыш сынып мұғалімі тропикалық жемістердің түр-түрін кәнігі гүл отырғызатын құтыларға өсіреді. Бағбандыққа балаларды да баулимын деген соң білім ошағының директоры арнайы сынып ашып берген. «Жемістерді жайқалту үшін аядай сынып тарлық етеді. Сондықтан, жылыжай салуға жағдай жасалса екен»,- дейді мұғалім.
Салтанат Қыдырбаева, бастауыш сынып мұғалімі:
Бұлардың барлығы тропикада өсіп тұрған жемістер, өзімізде өсірсе де болады екен. Кішкентай бүлдіршіндеріме бұлардың бәрін үйретіп, дамытуын жалғастырғым келеді.