Басты Жаңалықтар Құрылыс кодексінде кепілдік міндеттемелері күшейтілді

Құрылыс кодексінде кепілдік міндеттемелері күшейтілді

Құрылыс кодексінде кепілдік міндеттемелер күшейтілді. Енді елдегі мердігерлер 5 тіпті 10 жылға дейін жіберілген кемшілік пен анықталған ақауды өз есебінен жөндейді. Сондай-ақ цифрлық технологияларды енгізу арқылы жобалау, сараптама және құрылыс барысын бақылау жүйелері жаңарды. Таяуда ғана тамырына қан жүгірген Құрылыс кодексі жайлы Данияр Әлімқұл толықтырады.

Елімізде ерте көктемнен қара күзге дейін құрылыс қарқын алады. Сондықтан стратегиялық және әлеуметтік нысандар салуда сапа мен қауіпсіздік басты назарда. Бұл ретте жаңа Құрылыс кодексі аясында «q-порталы» ашылды. Онда құрылыстың барысына қатысты құжаттамалар енгізілген.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Яғни әрбір нысанға сәйкестендіру нөмірі беріледі. Соған сәйкес мердігердің жұмысы, нысан суреті мен кезеңдері көрсетіледі. Бұл мемлекеттік мекеме мен мердігер арасындағы алтын көпірге айналмақ. Демек қадағалаушы тарап құрылыс басына сабылуды сиретеді. Кәсіпкер де қолтығына портфелін қыстырып, қолына құжатын ұстап, әкімдік табалдырығын тоздыра бермейді.

Жалпы, Жамбылда 61 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр. Сондықтан облыс орталығындағы 14-ші шағын ауданда 17, ал 16-шы шағын ауданда 34 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бірден 4 үйді салып жатқан кәсіпкер құрылыстың қазығын қағу ең алдымен еңбек қауіпсіздігінен басталатынын айтады.

Бауыржан Қалаубеков, құрылыс компаниясы директорының орынбасары:

Біздің мекемеде жалпы 120-ға жуық адам жұмыс істейді. Барлығы қауіпсіз жерде жұмыс істейді. Қауіпсіз жерде жұмыс істеген адамның құрылыс-құрастыру жұмыстары да сапалы болады. Жаңа қабылданған Конституцияның көздеп отырғаны да осы. Біз қауіпсіз жерде жұмыс істегеннен кейін елге сапалы әрі заманауи инфрақұрылым ұсына аламыз.

Бұған дейінгі құрылыс нормалары бойынша нысанды қабылдау актісін 4 тараптың өкілі түйіндесе, енді оған 6 мекеме атсалысады. Яғни мердігер, тапсырыс беруші, авторлық және техникалық қадағалаушының қасына мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасының өкілі мен өрт сөндіру мамандары да қосылып отыр. Демек жаңа кодекс жан-жақты бақылауға басымдық береді.

Ернұр Нұркенұлы, қала әкімдігі құрылыс бөлімінің бас маманы:

Жаңа Құрылыс Кодексі бізге икемді және өте пайдалы болды. Келісімшартқа сәйкес 3 жыл берілетін және 5 жыл берілетін. Ал қазіргі таңда біздегі өзгеріс барлық кепілдік мерзімі 2 жылдан 5 жылға ұзартылды толықтай. Содан кейін конструкцияларға және шатырларға, қасбеттерге 10 жылға ұлғайтылды. Мердігер егер де ақаулар шыққан жағдайда қалпына келтіріп отырады.

Ал табиғи апаттардың салдары кепілдікке кірмейді. Цифрландыру аясында «Е-құрылыс» порталы да жұмыс істейді. Онда техникалық қадағалаушылар ай сайын есептерін жариялайды. Бұл құрылыс нысандарына камералдық мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Айта кетейік, құрылыс кодексін әзірлеу барысында 138 құқықтық-нормативтік актілер қайта пысықталды.


Бөлісу